Басты Жаңалықтар Трамп Израильге үндеу жолдады

Трамп Израильге үндеу жолдады

ХАМАСпен бірге «Ислам жихады» ұйымы да АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы бейбітшілік жоспарының негізгі тұстарын қабылдады. Солардың қатарында Израиль әскерін палестиналық анклавтан шығару, израильдік және палестиналық тұтқындарды босату, атысты доғару туралы пункттер бар. Құрама Штаттар лидері әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, Израильге Газаны бомбалауды доғару  туралы үндеу жолдады. Содан кейін секторда әуе соққылары саябырсыған. Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, ел армиясына әскери операцияларды қысқарту туралы нұсқау берілді. Трамп пен Нетаньяху бейбіт жоспарды осыдан бірнеше күн бұрын Вашингтонда өткен кездесуден кейін жариялады.

Фадл Әд-Дәбс, Палестиналық босқын:

«Президент Трамп Израильден палестиналықтарды атуды тез арада тоқтатуды сұрады. Бұл ымыра сақталып, барлық кепілге алынғандар мен тұтқындар босатылып, соғыс аяқталады деп үміттенеміз. Бұл - Палестина халқы үшін өте қуанышты жаңалық. Екі жыл бойы күресті, қантөгісті, соғыс пен күйреуді көрдік. Кеш болса да, дұрыс қабылданған шешім».

Дегенмен, кейбір палестиналықтар Израиль наурыздағыдай тағы да бітімнен бас тартуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Газадағы соғыс 2023 жылы Израильдің оңтүстігінде 1200 адам өлтіріліп, 251-і кепілге алынғаннан кейін басталды. Содан бері мұнда Израильдің әуе және құрлықтық операцияларынан 66 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, сектор түгелге жуық қирап, жүздеген мың тұрғын ашаршылыққа душар болды.

Бөлісу