Басты Жаңалықтар Дрондар Еуропаның бірнеше елін әбігерге салды

Дрондар Еуропаның бірнеше елін әбігерге салды

Өткен тәулікте Германияның әуе кеңістігіне белгісіз дрондар еніп, Мюнхен әуежайы жабылды. Бұған дейін дәл осындай оқиғалар өзге елдерде де болғаны белгілі. Мәскеу бұған өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді.

Өткен тәулікте Германияның Мюнхенінің аспанында бірнеше дрон байқалып, жергілікті әуежай уақытша жабылды: 17 рейс доғарылып, 3 мыңдай жолаушы діттеген жеріне жете алмады. Ал 15 ұшақ өзге авиациялық терминалдарға жіберілген.

Дегенмен, бүгін қауіп сейіліп, Мюнхен әуежайы қайта ашылды. Қазір ұшақтар кесте бойынша аттанып жатыр.

Лидия Мергнер, жолаушы:

Аса алаңдап жүрген жоқпын. Менің ойымша, мұнда қауіпсіздік жоғары деңгейде қамтамасыз етілген, яғни, жақсы қорғалғанбыз. Кеше бұл әуежай сақтық шараларына байланысты жабылды.

Әзірге ұшқышсыз апараттардың Мюнхенге қайдан жеткені белгісіз. Сонымен қатар, өткен түні Бельгияның Германиямен шекаралас аудандарында 15 дрон көрінген.

Дәл осындай пилотсыз ұшақтар байқалғандықтан, бірнеше күн бұрын Осло мен Копенгаген әуежайлары да уақытша жабылды. Ал қыркүйекте НАТО Польшада ресейлік 20 дронды құлатқанын, ал Эстонияға МИГ-31 әскери ұшақтары енгенін хабарлады. 

Дания премьер-министрінің мәлімдеуінше, бұның бәрі – Еуропада классикалық болмаса да, жасырын операцияларға негізделген гибридтік соғыстың басталғанын білдіреді.

Метте Фредериксен, Дания премьер-министрі:

Гибридтік шабуылдар жасалып қана қоймай, Еуропада гибридтік соғыс жүріп жатыр. Сондықтан біз кеше Еуропа одағын осындай басқыншылықтан қорғайтын «дрондар қабырғасын» тұрғызу мәселесін талқыладық.

Дания үкімет басшысына сенсек, қауіп Ресей жақтан төніп тұр. Сол себепті Еуропа қайта қаруланып, 2030-ға дейін соғысқа дайын болуы керек. Ал 2035-те бәрі тым кеш болады екен. Ресей болса, Еуропа мемлекеттерінің әуе кеңістігін басып кіру оқиғаларына өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді.

Жалпы, Ресей таяу болашақта НАТО-мен шайқасуға дайын ба? Бұл сауалға  әскери сарапшылар  Украинадағы жағдайды ескере отырып, әзірге «жоқ» деп жауап беріп жүр.


Бөлісу