Басты Жаңалықтар ФИФА Қызылордадағы жаңа стадионға сертификат берді

ФИФА Қызылордадағы жаңа стадионға сертификат берді

Қызылордада салынған жаңа стадион футболдан халықаралық ойындарды өткізуге рұқсат алды. Аренаның жасанды төсенішін ФИФА ұйымының мамандары сынақтан өткізіп, сапасына жоғары баға берген. 

Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихында бой көтерген үшінші стадион. Қызылордадағы арена 11 мың көрерменге лайықталған. Ерекшелігі – жеңіл атлеттердің жүгіру жолағы жоқ. Трибуналар алаңға жақын орналасқан. Ал жасанды төсеніш Еуропадан әкелінген. Заманауи жылыту жүйесімен және автоматтандырылған су шашу қондырғылары орнатылған. 

Бақытжан Пазылхайыр, ҚФФ жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының басшысы:

Жақында ғана ФИФА-дан келген мамандар алаңның сапасын тексерді. Сынама жүргізді. Бұл алаң әлемдегі жасанды төсеніштердің ең жоғары сапалысы. ФИФА-ның барлық талаптарына сәйкес келіп отыр.

Жалпы стадионның инфрақұрылымы УЕФА-ның ең жоғары 4-санат талаптарына сай жабдықталған. Яғни жаңа арена келешекте клубтық деңгейдегі еурокубоктік бәсекелерді толық қабылдауға мүмкіндігі бар. Ең маңыздысы түнгі мезгілде қосылатын жарық шамдарына соңғы үлгідегі технологияларды қолданған.

Исламғали Қозбақов, мердігер компания директоры:

Лэд экрандар Катар мемлекетінде болған соңғы Әлем чемпионатында сегіз стадионға қойған. Сол компаниямен біз байланыс жасап, соңғы үлгідегі лед экрандарды сол жақтан қойдырдық.

Қазіргі таңда футбол алаңында құрылыс аяқталып, алғашқы ойынды өткізуге соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жаңа стадионның ашылуы 4 қазанға жоспарланған. Сол күні жанкүйерлер асыға күткен Қазақстан Кубогының финалы өтеді. Еурокубокке жолдама беретін мына жүлдені Қостанайдың «Тобылы» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары өзара сарапқа салатын болады.


Бөлісу