Басты Жаңалықтар Мажарстан президенті ресми сапармен келді

Мажарстан президенті ресми сапармен келді

Қазақстан мен Мажарстан құны 600 млн доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Венгрия президентінің келіссөзі кезінде мәлім болды. Биыл екі ел арасындағы  сауда-саттық та біраз өскен. Енді Қазақстан нарығына Мажар елінің ірі компаниялары кіруге ниет танытып отыр. Түбі бір бауырлас елдердің басшылары Ақордада тағы қандай мәселені талқылады? 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Былтыр қараша айында Тамаш Шуйок пен Қасым-Жомарт Тоқаев Будапештте кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа қырларын талқылаған. Енді міне араға жыл салмай Мажарстан Президенті Ақордаға келіп отыр. Қос тарап та түбі бір, тамырлас халықтар арасындағы байланысты бекемдеуге бейілді.

Дунай мен Алтай арасы алшақ болғанымен, Астана мен Будапешт арасындағы байланыс берік әрі сенімді. Екі ел қарым-қатынасына ғасырлар қойнауынан жалғасқан тарихи бауырластық негіз болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің бұл алғашқы ресми сапарыңыз ынтымақтастығымызды нығайту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Мажарстан – біздің егемендігімізді алғаш мойындаған еуропалық мемлекеттердің бірі. Ал Будапешт – ресми дипломатиялық миссиямызды қабылдаған бірінші еуропалық қала. Сондықтан Сіздің еліңізбен көптеген саладағы тығыз ықпалдастықты қолдаймыз. Екі елдің мүддесіне сай келетін бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін. Сол себепті біз саяси, экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге барынша күш саламыз.

Мажарстан парламенттік ел. Негізгі билік премьер-министрдің қолында. Дегенмен Президенттің де ықпалы үлкен. Тамаш Шуйок бұл сапарға ерекше мән беріп отырғанын айтты.

Тамаш Шуйок, Мажарстан Президенті:

Халықтарымыздың достығы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Қазір де саяси қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейге жетті деп ойлаймын, экономикалық байланыстарымыз да қарқынды дамып келеді. Қос мемлекет арасындағы ықпалдастықтың болашағы зор. Біз көптеген жобалар мен бастамаларды бірлесе іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Қазақстан мен Венгрия арасындағы ресми дипломатиялық қатынастарға биыл 33 жыл. Былтыр екі елдің сауда-саттығы 200 миллион долларға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш тағы 22 пайызға өсіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз.

Қазақстан нарығына Венгрияның ең ірі ОТР банкі кіруге ниетті. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Ал Қазақстан Мажарстанға құны 700 млн доллар болатын 95 түрлі тауарды экспорттауға дайын. Таяуда қос елдің ортақ жобаларын қаржыландыратын инвестициялық қор құрылмақ. Әлеуеті 100 млн еуро. Ол Астана қаржы орталығында орналасады.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Мажарстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Мажарстанның ең үлкен телекоммуникация, ғарыштық серік саласындағы үлкен технологиялық ІТ компаниясы FOR ID компаниясының осыдан бір ай бұрын Қазақстанға сапары өтті. Сол сапары барысында Қазақстан ғарышпен ортақ жобасы бойынша, Қазақтелекоммен ортақ жобалар жасау және қорғаныс саласында ортақ жобалар жасау бойынша алғашқы келіссөздер басталды.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де мән берді. Президент жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқитынына тоқталып, білім алмасудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Ал Тамаш Шуйок Қазақстанмен байланысты дамыту Мажарстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі екенін айтты.

Тамаш Шуйок, Мажарстан Президенті:

2014 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылып, бұл қарым-қатынасымыздың негізін қалады. Экономикалық ынтымақтастықтың аясы кеңейіп келе жатыр. Ал мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастығымыз көп жұртқа үлгі. Бұл артық айтқандық емес. Қазақстанмен байланысымызды стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санаймыз әрі жоғары бағалаймыз. Қазіргідей дағдарыс кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастық айрықша мәнге ие бола бастады.

Қос ел арасынадағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы Мажарстан Президентін Достық орденімен марапаттады.

Қос елдің ортақ меже өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу. Сол себепті келіссөздер барысында  сауда мен инвестиция, энергетика және атом саласы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру мен жасанды интеллект бағыттарындағы ынтымақтастық кеңінен талқыланды. Мемлекет басшылары халықаралық саясаттағы негізгі мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өтіп, көпжақты форматтағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.


Бөлісу