Басты Жаңалықтар Алғашқы радиохабар 1921 жылдың қазан айында шықты

Алғашқы радиохабар 1921 жылдың қазан айында шықты

Бүгін Радио күні. 1921 жылдың қазан айында алғашқы радиохабар тыңдарманға жол тартты. Осынау тарихи күн былтырдан бері қарттар мерекесімен қатар аталып өтеді. Тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлы саналы ғұмырын осы салаға арнаған аяулы жандар жайында баяндайды. 

Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұйытқы болған алғашқы радиохабар 1-қазанда Орынбордан ақпарат таратты. Осынау ұлтымыздың үнжариясы қалың қазақтың бойына қан жүгіртті. Кейін араға 5 жыл салып Сыр елінен әуе толқынына қосылды.

Қазақ радиосының керуен көші кейін Алатауды бетке алды. Әнуарбек Байжанбаев, Зәмзагүл Шәріпова, Мина Сейітовалар әр шаңырақты күнмен бірге күліп оятып, әдеби-сазды хабарлармен әлдиледі.

Алтын буынның қатарына 1970 жылдары Ханзипа Кәкімжанова да қосылды. Ол Торғайда тұңғыш ашылған облыстық радионың алғашқы дикторы. Қайсар қыз сол кездегі қарсылыққа қарамастан Қостанайдағы Лисаков пен Рудный қалалық радиосын қазақша сөйлетті.

Ханзипа Кәкімжанова, радио саласының ардагері:

Ол кездегі біздің қуанышымыз шексіз болды. Торғай облысының жаңа ашылып жатқан кезі. Сондықтан облыс туралы көп хабарлар беріледі.

Кәкімжанова салған сара жолды Күләш Молдахметова жалғастырып, Торғай өңірінің тынысын тыңдарманға танытты. Кейін Қазақ радиосының қара шаңырағында 40 жылға жуық қызмет атқарды. 

Күләш Молдахметова, Қазақ радиосының ардагері:

Радионың жауапкершілігі алдыңда тұрған хабарды радио тыңдаушыларға жеткілікті қылып жеткізу керек. Әдемі тілмен, әдемі дауыспен. Радиотыңдаушылар жалықпайтындай. 

Бүгінде радионың «Алтын қорында» 1948 жылдан бері жинақталған 100 000-нан астам фонограмма бар. Мұның барлығын ел руханиятының ең қымбат қазынасы десек болады.


Бөлісу