«Қайрат» - «Реал Мадрид» ойыны: Қаладағы қарбалас
Ертең Алматы футбол тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болмақ. Жергілікті «Қайрат» пен әлемге әйгілі испаниялық «Реал Мадрид» командалары жасыл алаңда кездеседі. Көптен күткен матч қарсаңында қалаға мыңдаған турист ағылуда. Соған байланысты Алматыдағы қонақүйлердің бағасы бірнеше есе өскен.
Айдын Сүйіндіков ертеңгі ойынды көру үшін
Ақтөбеден арнайы келген. Ол - отандық «Қайраттың» жанкүйері.
Ал аты аңызға айналған «Реалды» көру — бала күнгі арманы болғанын айтады.
Айдын Сүйіндіков, жанкүйер:
Қолдан алып жатырмыз. Қаншалықты кіре аламыз, кіре алмаймыз белгісіз. Тәуекел етіп келдік. Сол матчты көрейік деп. Тарихи матч қой. 3-4 күн бұрын броньдадық. Жан-жақтан келіп жатыр ғой матчты көруге адамдар.
Қаладағы қонақүйлердің басым бөлігінде бос орын қалмаған. Матчқа орай шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен келген туристердің легі күрт артқан. Сұраныс көбейген соң, баға да аспандаған,-дейді мамандар.
Әнел Ердәулетқызы, қонақ үйдегі сату бөлімінің басшысы:
Сұраныс болғандықтан көтерілді. Бізде негізі сұраныс өте үлкен. Матчпен байланысты қонақтар бізге звондайды. Бос бөлмелерді сұрайды. Бірақ қазір бос бөлмелер болмай тұр. Бізде болельщиктер көп бөлмелерді броньға қойып қойған. Букинг арқылы немесе басқа да онлайн платформалар арқылы.
Алматыда футбол матчы қарсаңында көшедегі көлік қозғалысы күрделене түскен. Кептеліс көбейіп, көшеде адам саны артқан. Туристер саны күн санап өсіп келеді.
Қуан Нұрақын, тілші:
Қазір «Реал Мадрид» командасы ойын алдындағы жаттығуын пысықтап жатыр. Дәл осы жасыл алаңда ертең футбол сүйер қауымның көптен күткен матчы өтеді. Ойыншылар мен жанкүйерлердің қауіпсіздігі үшін 2,5 мыңға жуық тәртіп сақшысы жұмылдырылған. Бұл тек ірі спорттық оқиға ғана емес, ел имиджін көтеретін, туризмді дамытатын шара болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
