Италия Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді
Елордадағы көшелердің біріне әйгілі саяхатшы Марко Полоның есімі беріледі. Бұл туралы Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөз жүргізген Мемлекет басшысы айтты. Кездесуде тағы бірқатар маңызды сала бойынша серіктестікті нығайту мәселелері қаралды. Сонымен мәртебелі мейманның Қазақтанға келудегі нақты мақсаты қандай? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес біліп келді.
Ақорда Италия делегациясын биыл осымен екінші рет қабылдап отыр. Қазақстан Президенті 5 ай бұрын Премьер министр Джорджа Мелонимен салмақты келіссөздер жүргізсе, бұл жолы Серджо Маттарелламен екі ел арасындағы серіктестік жайын талқыға салмақ. Резиденцияға ертерек келген меймандар ресми рәсімге әзірлікті мұқият жүргізуге кірісіп кетті.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Міне көріп тұрғандарыңыздай, Ақордада қызу дайындық жүріп жатыр. Өйткені бірер сәттен соң мұнда Италия Президенті Серджо Маттарелла келеді. Бұл оның Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін мемлекет басшылары екі ел арасындағы бірқатар салалар бойынша ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылап, келіссөздер жүргізеді.
Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы ерекше ілтипатпен қарсы алды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалған соң президенттер бірден келіссөз жүргізуге көшті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін.
Серджо Маттарелла, Италия Президенті:
Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын.
Әңгіме барасында тараптар екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Бұл Италия президенттерінің Қазақстанға екінші ресми сапары екенін айта кетейік.
Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Бұл 1997 жылдан бері Италия Президенті бізге алғаш келіп отыр. Біріншісі 1997 жылы болған, енді міне 28 жылдан кейін ресми сапар өтіп отыр. Бұл өте маңызды сапар. Өйткені Италия болсын, басқа да елдер болсын Қазақстан мен Орталық Азия өңіріне көзқарастары өзгеріп, маңыздылығын білдіріп отыр.
Иә бүгін де Италия Қазақстанға инвестиция құйған елдердің бестігіне кіреді. Ал сауда айналымы былтыр 20 млрд долларға жеткен. Елімізден Италияға 18,2 млрд доллардың тауары экспортталған. Импорт көлемі 2 млрд долларға жуықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті.
Мемлекет басшысы ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі бағыттарын атады. Оның ішінде шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп саласы бар. Қазірдің өзінде аталған салаларда 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Мұнай саласында италиялық компаниямен «Қарашығанақ» және «Қашаған» мұнай орындарын дамытып жатырмыз. Одан бөлек, мұнай химия саласында Maire Tecnimont компаниясымен екі жоба жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жобалардың инвестициялық құны 5,8 млрд доллар.
Астана көшелерінің біріне Марко Полоның есімі беріледі
Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын жеткізді.
Италия Президенті І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды
Италия Президенті бұл қарым-қатынасты тереңдете түсуге бейіл екеніңізді көрсетеді,- деп Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдір. Келіссөздер соңында Мемлекет басшысы Қазақстан және Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Серджо Маттарелланы І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысына Италияның ең жоғары наградасы табысталды
Италия Президенті де Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.
Мұндай орден Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекет басшыларына ғана беріледі.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары – екіжақты қарым-қатынастың жаңа белесі. Бұл кездесу саяси сенімді күшейтіп қана қоймай, экономикалық әріптестікті одан әрі тереңдетуге жол ашады. Энергетикадан бастап мәдениетке дейінгі салалардағы жоспарланған келісімдер Қазақстан мен Италияны стратегиялық серіктестер ретінде жақындата түседі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
