Әр түп тал үшін еңбек еткен жандар
«Біз үшін әрбір қарағай – қазына, әр түп тал – атадан қалған аманат», - дейді ағайында Мәуленовтер. Абай облысы Бозтал ауылында тұратын орманшылар династиясының бүгінде төртінші буыны ата кәсіпті үзбей жалғап келеді. Отбасының барлық мүшелері дерлік жайқалған жасыл желекті көздің қарашығындай сақтауға үлес қосқандар. Ақ адал еңбек, маңдай терімен ортасына сыйлы, еліне абыройлы еңбекқор жандар жайлы келесі бейнесюжетте.
Бесқарағай ауданы Бозтал ауылының тұрғындары Мәуленовтер тоғыз ағайынды. Солардың жетеуі кәсіби орманшы. Оған қоса әулеттің келіндері түгел осы саланы меңгерген. Үйдің үлкені Бекмұхамбет Бөкебай орман шаруашылығының филиалын басқарады. Інілері қол астына жиылып, бүтіндей бір ауылдың тіршілігін жандандырып отыр.
Бекмұхамбет Мәуленов орманшы болғалы 36 жылдан асқан. Ауыр кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңды. Талай алапат өртпен арпалысып, жасыл алқапты тілсіз жаудан арашалады. Еңбегі ескеріліп, Президент қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған.
Бекмұхамет Мәуленов, орманшы:
Әкемнің әкесі осы орман шаруашылығында еңбек еткен. Қанға сіңген нәрсе ғой. Әскерден міндет атқарып келгеннен кейін осы орман саласына жұмысқа кіріп, бес тиын жалақысыз еңбек еттік. Ондайды да көрдік қиындықтарды. Орман өрттерін көрдік. Орман аралайтын техника болған жоқ. Өрт сөндіретін машина да болған жоқ. Ескі нәрсе болатын. Сондай қиыншылықтардан өттік.
Ал Қайрат Мәуленовтың орманшы атанғанына 40 жылдан асты. Қара жұмыстан бастап, басшыға дейін көтерілді. Өңірде қарағайлы орманды қалыпқа келтіруге қажетті тұқымбақ құрғандардың бірі. Қазір орман инспекторы болып қызмет етсе де, өзі негізін салған бақты баптаумен де айналысады.
Қайрат Мәуленов, орманды қорғау инспекторы:
Күзден бастап бүршігін жинайды. Оны қабылдап кептіреді. Көктемде қар кете осында себеді. Мына тұрғанды қазып алып, басқа жерге орманға апарып егеді. Орманды қалпына келтіру үшін ғой бәрі.
Қазір мемлекет орманшылардың ауыр еңбегін бағалап, жағдай жасай бастады. Қажет техника, қарағайлы алқапты қорғайтын құрал-жабдық, лайықты жалақы бар. Тек алдымызда табиғат берген сыйды сақтау міндеті тұр, дейді Мәуленовтер.
Айтмұхамет Мәуленов, орман қорғау инспекторы:
Суды да ауаны да таза ұқстап тұрған осы орман ғой. Табиғаттың өзгеріп бара жатқандығын байқайсыздар. Көп жерде орман жанып кеткен. Құрғақшылық болып жатыр. Сақтау керек болашаққа. Балаларға аманат енді.
Орманшылар династиясы - Мәуленовтердің арманы осы. Келер ұрпақ әр түп қарғайға көздің қарашығындай қарап, атадан қалған аманаттың сақшысы болса дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
