Ағайынды порт қызметкерлері өнімді еңбек етуде
Маңғыстауда Ақтау халықаралық теңіз сауда портында бүтін бір отбасының төрт бірдей азаматы жұмыс істейді. Думан, Ерболат, Жангелді мен Айдын Ілиясовтарды кәсіпорында танымайтындар жоқ. Олар жүктерді қабылдап-жөнелтумен қатар, айлақтың бүкіл жұмысын ұйымдастырады. Бір кәсіпті жалғаған ағайынды жұмысшылар туралы келесі бейнематериалда.
Портқа күніне 3-4 кеме келіп, аялдайды. Бірі жүк әкелсе, енді біріне жүк тиеледі. Жүк болғанда да, 35-45 тонналық контейнерлерді асқан сақтықпен тиеу қажет. Осы жұмыстарды порттағы жұмысшылар жүзеге асырады. Оған қажет техника да жеткілікті. Ағайындылардың алды Думан мен Ерболат стивидор болып жұмыс істейді. Олар жұмысшылардың міндетін айқындап, айлақтағы қозғалысты ұйымдастырады.
Думан Ілиясов, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жүк тиеу-түсіру кешенінің стивидоры:
18 жыл сол докер-механизатор болып жасадым. Сосын соңғы 4 жылда стивидор болып ауыстым. Менен кейін тағы 3 інім осы жерде жұмыс жасайды. Морпорт мекемесі енді мақтанып айта аламыз осы жерде жұмыс істейтінімізді. Қытайдан келеді, Ираннан, Түрікменстан, Ресейден келетін жүктер, сол жаққа баратын жүктер осы біздің порт арқылы жүреді.
Бір ауысымда 4 стивидор мен отыздан астам докер механизатор болады. Олар жұмыла еңбек етіп, күніне 400 ге жуық контейнер мен басқа да жүктерді кемелерге тиейді. Содан соң, темір жолмен келген контейнерлерді түсіреді. Ағайындылардың үшіншісі – Жангелді болса, порт арқылы тасымалданатын жүктердің деректерін базаға енгізуші. Мысалы, порт аумағында қазір 2 мыңнан астам контейнер бар екен.
Жангелді Ілиясов, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жүк қоймасының деректерді енгізу және есеп бойынша маманы:
Қытайдан велосипедтен машинаға дейін бәрі келеді, Қытайдан Әзербайжанға Еуропаға. Соның әр қайсысын ішіндегі жүгі қандай, пломбасы қандай, 3-4 пломбасы болады. Сол пломбада бір саны бір цифры қате болса, қабылдамайды кеме. Сол үшін мына жерде өте мұқият жұмыс істеу керек.
Ілиясовтардың ең кенжесі – Айдын да аға жолын жалғаған. Ол күнделікті айлақтағы жүктерді тексеріп, жолға дайындайды. Портта жұмысшылардың қауіпсіздігі басты назарда. Ағайындылар да осы талапты қатаң сақтап, қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай орындайды.
Қайрат Жұмағалиев, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жүк тиеу-түсіру кешенінің аға стивидоры:
Келген кеткен жүктерді біз дұрыс түсіру, дұрыс ілу жүкті, ешқандай ешкімге зиян келтірмеу сол бағытта жұмыс жасаймыз. Соның ішінде ағайынды Ілиясовтар осы жұмысты атқарады. Өте маңызды жұмыс атқарады.
Ақтау порты арқылы Әзербайжан, Ресей, Иран, Түрікменстан және Еуропа елдеріне мұнай, астық, метал, басқа да жүктер мен контейнерлік жүктер тасымалданады. Биыл жыл басынан бері 3 жарым млн тоннаға жуық жүк ауыстырып тиелген. Бұл өз кезегінде, порт қызметкерлерінің еңбектерінің жемісі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
