Басты Жаңалықтар Бүгін – Атом саласы қызметкерлерінің күні

Бүгін – Атом саласы қызметкерлерінің күні

Бүгін – Атом саласы қызметкерлерінің күні. 2008 жылдан бері ресми түрде аталып өтетін мерекенің жыл сайын маңызы артып келеді. Әлемдегі жоғары технологиялар мен ғылымның өркендеуіне серпін беретін атом энергетикасы, қазіргі таңда тек қуат өндірудің ғана емес, еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі тірегіне айналып отыр. Әріптесім ғалымдармен арнайы жүздесіп, атом саласының қыр-сыры туралы сұраған еді.

Нұрлан Амангелді. Ғалым. Эксперементалды ядролық физикамен айналысады. Бірнеше ғылыми-зерттеу жүргізіп, жаңалықтар да ашқан.

Нұрлан Амангелді, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры:

Негізгі жұмысымыз сабақ беру. Оның сыртында ғылыммен айналысу. Жылына, мысалы, 4 бакалавр, 2 магистр, 1 докторант ғылыми жұмыстарды ғылыми жетекші ретінде шәкірттерді дайындаймын. Сабақ берудің сыртында. Осы уақытқа дейін 15-20 жылдың ішінде әр жылда 5 шәкірттің ғылыми жетекшісі болсам 100-дей шәкірт дайындадым. Жалпылай студенттердің барлығына сабақ беріп, ғылымға баулып, осы мамандықты түсіндірумен келе жатырмыз.

Елімізде атом станциясын салу мәселесі көтерілгелі бері жұмыстағы жауапкершілігіміз арта түсті. Өйткені біздің тәрбиемізден өткен мамандар жоғары технологиялы кәсіпорынды қауіпсіз басқара алатын деңгейде болуы шарт,  дейді ол.

Нұрлан Амангелді, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры:

Соңғы кезде атом электр станциясы, энергетикаға байланысты энергетикалық қауіпсіздік жағынан жұмыс жасап жатырмыз. Яғни, энергетикада қолданылатын материалдың радиациялық қауіпсіздігін тексеру мақсатында жұмыс жасап жатырмыз.

Ал бұл - Алматыдағы ядролық физика институты. Еліміздегі оқу реакторларымен жұмыс істеп отырған екі мекеменің бірі осы. Мұрат Кенесарин жас та болса, жауапты жұмыс атқарып отырған маман. Болашақ станция құрылысының қауіпсіздігін қадағалайтын қызметкерлердің қатарында.

Мұрат Кенесарин, Ядролық физика институты зертханасының кіші ғылыми қызметкері:

Біз атом электр станциясында қолданылатын заттардың ішкі құрылымын зерттеп, қарап, оларды қауіпсіздік жағынан тексереміз. Және оларда дефектілердің болмауын қадағалаймыз. Біз атомдарды бейбіт мақсатта қолданамыз. Осылайша атом электр станциясы ұзақ әрі қауіпсіз жұмыс істейді.

Зертхана тек энергетика саласында ғана емес, медициналық препараттар өндірісінде, археологиялық құнды заттарды зерттеу сияқты маңызды жұмыстар атқарады. Мұраттың айтуынша, ғылым тек жұмыс емес, өмірі мен отбасының ажырамас бөлігіне айналып кеткен.

Мұрат Кенесарин, Ядролық физика институты зертханасының кіші ғылыми қызметкері:

Жұбайым да осы ядролық физика институтында жұмыс істейді. Ядролық зерттеулермен айналысады. Екеуіміз де осы ғылым саласында бірге айналысып, бірге таныстық. Және де болашақта ұл-қыздарымызды осы ғылым саласына, ядролық зерттеулермен айналысуға береміз.

Атом энергетикасы – тек заманауи технологияның ғана емес, еліміздің тұрақты дамуы мен энергетикалық қауіпсіздігінің негізі. Бұл салада жұмыс істейтін әрбір маман – ғылым мен техника, қауіпсіздік пен болашақтың елшісі іспетті. Өйткені Атом энергетикасы саласы – тек қана технология емес, халықтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі, мемлекеттің болашағы.


Бөлісу