Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында күріш алқаптарының 50 пайызы орылды

Қызылорда облысында күріш алқаптарының 50 пайызы орылды

Қызылорда облысында егіс алқабында қызу науқан басталды. Шаруалар күн-түн демей еңбек етіп, күрішке орақ салып жатыр. Дәл қазір дала төсінен тілшіміз Әділбек Серікұлы бізбен тікелей байланысқа қосылуға әзір.  

Аймақта 80 мың гектардың үстінде күріш өсірілді. Міне, диқандар жаз бойғы маңдай тер еңбегінің жемісін көретін алтын күзге де жетті. Биылғы егіннің шығымы жаман емес. Дәнге толған күріштің сабағы иіліп, алқап жайқалып тұр. Дәл қазір біз Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылының егіс алқабында тұрмыз. Мұнда дала еңбеккерлері жерден ризығын теріп, әр дәнді шашпай-төкпей жинап алудың қамына білек сыбана кіріскен. Шет елдің озық ауыл шаруашылығы техникалары күріш алқаптарын орып, жүк көліктері жиған дақылды қырманға тасып жатыр.

Жалпы өңірде күзгі науқан басталғалы 40 мыңдай гектар алқапқа орақ түскен. Яғни, шаруалар бүгінгі күні егілген күріштің 50 пайызын жинап үлгерді. Дала төсіндегі қызу тірлікке облыс бойынша 4 мыңнан астам ауыл шаруашылық техника жұмылдырылған. Ал оған 10 мың тонна арзан жанармай қаралып отыр. Сырбойындағы шаруалар ақ күріштен тау тұрғызу үшін осылайша тынбай еңбек етуде.

Сондай-ақ, Қостанай өңірінде де астық алқабының тең жартысы орылды.  Биыл аймақта 4 млн гектардан астам жерге дән себілді, оның 3,4 млн гектары – бидай.  Қазір аймақтың астықты алқаптарының бәрінде қауырт тірлік.  Кейбір аудандар жұмысты толық аяқтауға таяу. Мысалы, Жангелдин, Наурызым аудандарының диқандары егістіктің 90 пайызын жинап алса, Амангелді, Әулиекөл, Арқалық қаласының шаруалары жұмыстың 80 пайызын орындаған. Бүгінде барлық аумақтың жартысынан 2,8 млн тонна бидай жиналып отыр. Мамандардың сөзінше, әзір өнімділік көрсеткіші жаман емес – гектарына 14,5 центнерді көрсетіп тұр. Ал науқан бітер шақта тіпті бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген болжам бар. Қазір қасымда шаруа Қайрат Райысов тұр. Өзінен нақтырақ сұрап-білсек... Аға, биыл егіннің шығымы қалай? Қайта-қайта киік шауып, шегіртке де кірді алқапқа. Қалай әсер етті?

Қайрат Райысов, шаруа қожалығының басшысы:

Биыл жалпы алғанда егіннің шығымдылығы жақсы. Зиянкестер кірмеген алқаптардың шығымы 8-10 центнерден кеп жатыр гектарына, ал киік кіріп, зиян тиген жерлерден 2-5 центнер өнім алып жатырмыз. Оны өткен жолы аудан комиссиясы кеп, хаттап кеткен. Ал бидайдың сапасына келетін болсақ, сапасы өте жоғары, ұндық қасиеті, сапа жағы өте жоғары. Қамырлығы 32-ден жоғары, натуралық салмағы – 780-800, бәрі ұн тартуға келетін бидай.

Биыл ауылшарушылығын қолдауға 207 млрд теңге қаражат бөлінгенін айта кетейік. Бұл өткен жылмен салыстырсақ, 20 пайызға көп.


Бөлісу