Жұмысшы мамандарға мемлекеттік наградалар табысталды
Шағын шеберхана мен алып зауытта, алқапта, аурухана мен құрылыс алаңында тер төгіп жүрген азаматтар марапатталды. Премьер-министр Олжас Бектенов Президент атынан адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген біртоп жұмысшы маманға мемлекеттік наградаларды табыстады. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес марапат иелерінің қуанышына ортақтасып қайтты.
Бұл жерге еліміздің түкпір-түкпірінен келген дәнекерлеушілер, құрылысшылар, механизаторлар, электриктер мен ұсталар, сондай-ақ тігіншілер жиналды. Олар – көзге көп көріне бермейтін, бірақ әрбір күннің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген, өз ісінің шеберлері. Бұл жолы олардың маңдай тері, адал еңбегі елеусіз қалмай, «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері табысталды.
Бану Оңалбаева, «Қазпошта» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалы орталық операциялық учаскесінің басшысы:
Мен пошта саласында 43 жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Сол еңбегіміз бүгін ақталып, марапатқа ие болып жатыр. Қуаныштымын.
Шайхыман Шонанов, бульдозер машинисі:
Аспанға ұшқандай болып тұрмын. Күтпеген жерден түскен олжа сияқты болып тұр. Бұған дейін сізді марапатқа дайындадық деп, қалай болатыны, не беретіні кешегі күнге дейін жұмбақ болды.
Президент орталығына жиналған 500-ге жуық делегатқа ерекше құрмет көрсетілді. Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде аталып өтетін Жұмысшы мамандықтар күні биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылы.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Бүгінде Қазақстанда шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Сіздер кәсібилік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп, қуатты экономика құруға ат салысып келесіздер. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» еңбек адамының мәртбесін көтеруге бағытталып отыр. Өйткені еліміздің орнықты дамуы сіздердің табанды еңбектеріңіз бен білімдеріңізге, жаңашыл әрі отаншыл қасиеттеріңізге байланысты.
Биыл жұмысшы мамандықтар өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында елде ауқымды шаралар қолға алынды. Қысқаша айтсақ, жаңа мемлекеттік наградалар енгізлді, еңбек қауіпсіздігі бойынша талаптар күшейтілді, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі реформаланды. Жұмысшы мамадықтарға арнап «Наурыз жұмыскер» импотекалық бағдарламасы іске қосылды. Ол арқылы 2 мың отбасы баспаналы болды. Ең бастысы жұмысшы мамандықтарға сұраныс артты.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Біздің министрлік біраз жаңалықтар енгізіп отыр. Ол жастарды осы жұмысшы мамандықтарға тарту үшін цифрлық платформа жүзеге асырылды. Осы платформа арқылы оқып жатқан, өндірістік тәжірибеге жіберілген студенттер сол палтформа арқылы өзіне жұмыс берушіні таңдай алады.
Бір сөзбен айтқанда мақсат жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру. Өйткені, қарапайым жұмысшының қолы – елдің тірегі. Сол қолдың күші мен маңдайдың тері арқасында еліміз өркендеп келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
