Басты Жаңалықтар «Жұмысшы мамандықтары жылында» қандай жұмыстар атқарылды?

«Жұмысшы мамандықтары жылында» қандай жұмыстар атқарылды?

Жұмысшы мамандықтар жылына орай елімізде бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынды. Мәселен баспана мәселесін шешу үшін отбасы банк «Наурыз жұмыскер» бағдарламасын іске қосты. Жобаға 72 миллиард теңге бөлініп, 2400-ден астам жұмысшы үйлі болды. Сондай-ақ «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 5500 жас жаңа пәтерге қоныстанды.

Білім беру саласында да ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Жаңа кәсіптер атласы жасалып, 900-ден астам бағдарлама өзектендірілді.  Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқын алды. Биыл 110 колледжді заманауи құрал-жабдықпен қамту жоспарланған. Оның 74-інде жұмыс аяқталды. Сонымен қатар колледждердің цифрлық картасы әзірленді. Онда 772 колледж бен 170 мамандық жөніндегі барлық ақпарат бір жерге топтастырылған.

Оқушыларды кәсіптік бағдарлау бағдарламасына  100 мыңнан аса оқушы қатысты. Бұған қоса арнайы байқаулар өткізіліп, жастардың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығы артты. Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік те нығайып келеді. Жаңа оқу жылында 130 мың студент 18 мың кәсіпорын базасында дуальды оқыту жүйесімен қамтылады. Сонымен қатар, биыл бір студентке бөлінетін қаржыландыру көлемі 437 мың теңгеден 900 мың теңгеге дейін көбейді.


Бөлісу