Астанада «Асыл мұра» этнофестивалі өтті
Астанада Радио қызметкерлері күніне орай «Асыл мұра» этнофестивалі өтті. Мерекелік шараны «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Қазақ» радиосы мен «Jeti qazyna» этнопаркі бірлесіп ұйымдастырды. Қала тұрғындары мен қонақтары атпен серуендеп, бүркіт пен тазы жарысына куә болды. Сонымен бірге, ұлттық билер мен этно-дефилені тамашалап, түрлі байқауларға қатысты. «Үздік ұлттық киім», «Ең ұзын бұрым», «Үздік этнокартина» және «Үлгілі отбасы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, 60-қа тарта кәсіпкердің қатысуымен көрме-жәрмеңке де ұйымдастырылды. Сондай-ақ, этнофестивальге қатысты әлеуметтік желіде ең үздік видео жариялаған қонаққа Түркияға 2 адамға жолдама ойнатылды. Шара өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделді.
Нұртас Солтанұлы, «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры:
Қазақ радиосы - тек қана қазақтың музыкасын, мәдениетін насихаттаушысы ғана емес сонымен қатар, біздің ұлтымыздың бай мұрасын , салт-дәстүрін, оның спортын фестивальдің аты айтып тұрғандай асыл мұрасын насихаттаушы, жоқтаушысы да деп айтуға болады. Сондықтан да осындай ауқымды шараны өткізіп отырмыз.
Елімізде Радио қызметкерлері күні 2021 жылдан бері аталып өтеді. Жалпы ел тарихында радиохабар тарату 1921 жылдың қазанында басталған. Қазірде ғасырдан астам тарихы бар «Қазақ» радиосы таралымы жағынан ең ауқымды, кең танымал радио. Еліміздің 90 пайызы қамтылған. Сонымен бірге, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай секілді көршілес мемлекеттерде де радио үні естіледі. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша «Қазақ» радиосы радио-арналар рейтингіде 2-орында тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
