Басты Жаңалықтар Шымкентте жұмысшы мамандықтар байқауы өтті

Шымкентте жұмысшы мамандықтар байқауы өтті

Шымкентте еңбек күніне орай әрі Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Шара «Интергаз Орталық Азия» АҚ филиалының өндірістік базасында ұйымдастырылды. Екі күн бойы 14 мамандық бойынша 94 қатысушы өз шеберлігін сынап көрді. Байқауға еліміздің 10 өңірінен келген газ тасымалдау саласының үздік мамандары қатысты.

Қатысушылар өндірістік алаңда практикалық тапсырмаларды орындап, теориялық білімін сынады. Сонымен қатар дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдыларын көрсетті. Биыл байқауға алғаш рет әйелдер арасында жаңа мамандық – «химиялық талдау зертханашысы» енгізілді. Әділ қазылар жұмыс сапасын, қауіпсіздік талаптарын және тапсырманы орындау жылдамдығын бағалады.

Абзал Кисметов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары:

Мекемеде ең бірінші байлық – жұмысшыларымыз. Олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда. Конкурстан орын алған мамандарды резервке қойып, инженерлікке, мастер инженерлікке дейін дайындаймыз.

Байқау жеңімпаздарына дипломдар табысталып, жалақысына жылдық үстемеақы белгіленді. Ал жалпыкомандалық есепте Шымкент филиалы жүзден жүйрік шығып, «Үздік маман» ауыспалы кубогын иеленді.

Сұлтан Жұмаш, «Шымкент» МГҚБ электромонтері:

Практикада бізде схеманы авто және қолмен жинау болды. Ең бастысы – қауіпсіздік. Уақытқа қарай жылдам әрі дұрыс орындау қажет. Бүгін 1-орын иелендім. Бұл жеңіс жұмысқа деген ынтамды арттырып, одан әрі құлшыныс береді.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған байқау еңбек адамын дәріптеп, олардың беделін арттыра түсті. Айта кетейік, шараға мектеп оқушылары да арнайы шақырылып, олар үшін кәсіби бағдар беру экскурсиясы өткізілді. Мұндай бастама жастардың болашақ мамандығын таңдауда үлкен жол көрсеткіш болары анық.


Бөлісу