Басты Жаңалықтар «Құлмамбеттің құлыны» атты республикалық айтыс өтті

«Құлмамбеттің құлыны» атты республикалық айтыс өтті

Алматы облысында оқушылар арасында «Құлмамбеттің құлыны» атты республикалық айтыс өз мәресіне жетті. Айтыс өнерінің ақтаңгері, Оразалы Досбосыновтың туғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған жыр додасында Алматы облысының оқушысы Болат Ахмет пен шымкенттік Біржанұлы Исламәли бас жүлдені иеленіп, әрқайсысы 1 миллион теңгеден қанжығасына байлады. Ал Алматы облысының атынан қатысқан Ақнұр Зинулла мен павлодарлық Мейіржан Баршынбай үздік үштіктен көрінді. Мерейтой аясында орақ тілді ақынның туған жері Тегістік ауылындағы мектепке ескерткіш-тақта орнатылып, ауылдағы саябаққа ақынның есімі берілді.
Аспантау аясында, Хан-Тәңірі етегінде өткен жыр додасына 18 үміткер жас айтыскер қатысты. Олардың бәрі де сахнада салмақты сөз саптап, рухани бай мұрамызды ұлықтап, көрермен көңілінен шықты. Жас ақындардың өнеріне танымал айтыскерлер мен зиялы қауым жоғары баға берді.
Нұрислам Рағат, айтыскер ақын:
Келер алдында Ораз атамыз туралы көп зерттедім. Көп іздендім. Ажар анамыз жайлы көп зерттедім. Сол кісінің өлең, жырларын жаттадым. Бала кезімнен Ораз атаның өлеңдерін жаттап өстім. Бұл қазақ өнерінің өлмеуіне себеп болады деп ойлаймын. Осындай айтысымыз көп бола берсе деймін. Қазақ айтысы өлмейді деп ойлаймын.
Небәрі 29 жасында өмірден өткен Оразалы Досбосынов — қазақ айтыс өнерінің жарық жұлдызы. Ол – отты өлеңімен, өткір тілімен, қайсар мінезімен, ұшқыр ой, уытты сарказмымен дараланған тұлға. Оның артында қалған мұрасы – кейінгі жас буынға үлгі, ұрпаққа аманат.
Кәмнұр Тәлімұлы, қоғам қайраткері:
Бір күнде бес ақынмен белдескен ақын бұрын-соңды тарихта кемде-кем ғой. Оразалының ойының ұшқырлығы, тілінің өткірлігі, мақамын құбылтып айтатын.
Айтыстың көркін қыздырған жас өрендердің өнеріне елге танымал ақындар мен қоғам қайраткерлері баға берді. Мерейтой шеңберінде ақынның өмір жолына арналған фотокөрме ұйымдастырылып, Мәдениет үйінің алаңында киіз үйлер тігіліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар халқымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін көрме де келушілердің қызығушылығын оятты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл дода дәстүрлі түрде жалғасып, жас ақындарға арналған алаңға айналмақ.

Бөлісу