Басты Жаңалықтар Республикалық судьялар одағының Спартакиадасы өтті

Республикалық судьялар одағының Спартакиадасы өтті

Шымкентте Республикалық судьялар одағының XI Спартакиадасының финалдық ойындары өтті. Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің 20 өңірінен келген командалар қатысты. Олар спорттың 9 түрінен өзара шеберліктерін сынады. Дүбірлі дода жайлы тілшіміз тарқатып айтасын.

Салтанатты ашылу рәсімінде командалар шеру жасап, ел туы желбіреп, Әнұран шырқалды. Бұған дейін еліміздің әр өңірінде өткен іріктеу ойындарында жеңген командалар финалға келді. Қатысушылар футболдан бастап шахматқа дейінгі спорттың тоғыз түрінен сайысқа түсті. Сала қызметкерлері спорттық жарыстар сот жүйесіндегі бірлікті нығайтып, командалық рухты арттыратынын айтады.

Досжан Әмір, ҚР Судьялар одағының төрағасы:

Спорттық жарыстарда араласқан судьялар қауымдастығын жақындастырып, бір-бірін жақсы тани түседі, бұл жұмыс істеуге де қолайлы. Сондықтан біз осы дәстүрлі спортты 20 жылдан астам уақыт бойы жалғастырып келеміз.

Шағын футболдан бірінші матчта Абай облысы мен Шымкент қаласының командалары кездесті. Алғашқы голды шығыстықтар соқса да, Шымкент ойыншылары қарқынды шабуыл жасап, кездесуді 2-1 есебімен өз пайдасына шешті.

Ғани Бектаев, Шымкент қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы:

Төрт өңірден жеңімпаздар келді. Соның ішінде Абай облысы – шығыс аймақтың жеңімпазы, өте мықты команда екен. Олар алғаш болып 1:0 есебін ашты. Алайда біз екі жауапсыз гол соғып, жеңіске жеттік. Судьялар тек дауды шешіп қана қоймай, спортқа да бейім әрі жақын екенін дәлелдеп жүр.

Республикалық судьялар спартакиадасы тек спорттық жарыс қана емес, қатысушылардың кәсіби бірлігін нығайтып, топтық ынтасын арттыратын алаңға айналды. Мұндай шаралар сот жүйесіндегі үйлесімділікті күшейтіп, әр өңірден келген мамандардың тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік береді.


Бөлісу