Басты Жаңалықтар 15 жылдыққа 15 игі іс: «Balapan» телеарнасы телемарафон ұйымдастырды

15 жылдыққа 15 игі іс: «Balapan» телеарнасы телемарафон ұйымдастырды

15 жылдыққа 15 игі іс. «Balapan» арнасының төл мерекесіне орай балаларға нағыз мерекелік әрі ғибратқа толы телемарафон ұйымдастырылды. Екі аптаға созылған жобаның ертең қорытынды шығарылымы.

«Balapan» – қазақтілді балалар контентінің көшбасшысы. 15 жыл ішінде арна отандық анимацияның қоржынына 160 мультсериал сыйлады. Одан бөлек биыл кинотеатрларда жарық көрген 3 толықметрлі мультфильм көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ 434 бағдарлама мен 28 телехикая кішкентай бүлдіршіндерді қуантты.

Әйгерім Балғабаева, «Balapan» телеарнасының бас редакторы:

«Balapan-ға» дейін елімізде балалар арнасы болған жоқ. Осы 15 жыл ішінде сала нөлден бастап зерттелді. «Balapan-мен» бірге балаларға арналған бағдарламалар мен анимация тілінің стандарты жасалды. Жалпы алғанда, осы уақыт аралығында жобалар өндірісі толықтай жолға қойылды. Балалар арнасы енді жаңа кезеңге батыл қадамдар жасауға дайын.

Арнаның төл мерекесіне орай, «Жаса, Balapan!» атты 15 игі іс телемарафоны жалғасып жатыр. 2 апталық жоба тек қана балалардың қатысуымен ұйымдастырылған. Басты ерекшелігі – қоғамға пайдалы, тәрбиелік мәні зор шаралар насихатталады. Мәселен, жануарларға қамқорлық таныту, ауланы тазалау, кітапхана мен музейге баруды әдетке айналдыру сынды пайдалы істерге үндейді.

Әйгерім Мейрамова, телеарнасының бас продюсері:

«Жаса, Balapan!» телемарафонында еліміздегі мемлекеттік маңызды бағдарлар – «Таза Қазақстан», «Адал азамат», «Келешек мектептері» ұлттық жобасы және инклюзия тақырыптары қамтылды. Осы арқылы біз балалардың да біздің қоғамда өте маңызды рөл атқаратынын және олар да еліміздің дамуына өз үлесін қоса алатынын көрсеткіміз келді.  Мейірімді болу, кішіге қамқор болу сынды қарапайым нәрселердің ұлы істерге жетелейтінін көрсету біздің мақсатымыз болды. Сол себепті бұл жобаның көрерменге берері мол.

Тосын сыйға толы мерекелік шығарылым 27 қыркүйекте  «Balapan» арнасының эфирінен көрсетіледі. Балаларға базарлық та, концерттік бағдарламалар да осында. Ендеше «Жаса,  Balapan» телемарафонының қортынды шығарылымын жіберіп алмаңыз!

Кішкентай дос,  «Balapanды» қос!

Бөлісу