Басты Жаңалықтар Аида Балаева Францияның мәдениет министрімен кездесті

Аида Балаева Францияның мәдениет министрімен кездесті

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Париждегі іс-сапары аясында Францияның мәдениет министрі Рашида Датимен кездесті. Келіссөз барысында тараптар алдағы жоспарлар мен екі ел арасындағы мәдени байланысты одан ары нығайту жайын талқылады. Министрлер қос мемлекет басшыларының сапары екіжақты мәдени байланыстарға тың серпін беріп, жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Аида Балаева ғылыми-зерттеу саласындағы серіктестікті күшейту, қазақстандық мамандардың тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ киноөндіріс саласындағы бірлескен жобаларды дамытып, мультипликация мен балаларға арналған контенттер жасауға шақырды. Қос министр мәдени салада біліктілікті жетілдіру мен техникалық бағыттарда мамандарды оқыту бойынша ынтымақтастыққа уағдаласты. Әсіресе дыбыс операторы, техникалық суретші сияқты тапшы мамандарды даярлауға көңіл бөлінбек. Ал Рашида Дати Қазақстанның мәдени және тарихи мұраларды сақтауда қолға алған шаралардың маңыздылығын атап өтті. Тараптар алдағы уақытта музейлік сараптама мен археология ісі бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті.


Бөлісу