Басты Жаңалықтар «Қайрат» пен «Реал»: Тарихи ойын алдындағы соңғы дайындық

«Қайрат» пен «Реал»: Тарихи ойын алдындағы соңғы дайындық

Алматыда өтетін «Реал Мадрид» пен «Қайрат» футбол клубтарының кездесуіне санаулы күндер қалды. 30 қыркүйек күні өтетін бұл матч жай ғана ойын емес, Қазақстан футболы үшін айтулы оқиға дейді жанкүйерлер. Қазір командалар соңғы дайындығын пысықтап жатыр. «Қайраттықтар» негізгі құрамды сақтап, шабуыл мен қорғанысты қатар алып жүруге басымдық беруде.

Қуан Нұрақын, тілші:

Алматыда өтетін Чемпиондар лигасында 6400 шақырым жолды артқа тастап келетін «Реал Мадридтің» де, «Қайраттың» да әрине мақсаты бір - жеңіске жету. Баспасөз жиынын өткізген «қайраттықтар» ойынға толық дайынбыз дейді.

Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» ФК бас жаттықтырушысы:

«Жеңіс» командасымен ойыннан кейін жігіттерге екі күн демалыс бердік. Ойыншылар қалпына келуі керек. Өйткені бұған дейінгі ойын кестесі тығыз болды. 26 қыркүйек күні болатын «Жетісу» командасымен кездесуді де 5 қазанға ауыстырдық. Ойынға келер болсақ, шабуыл мен қорғанысты қатар алып жүреміз. Негізгі құрамды сақтау да аса маңызды.

Қуан Нұрақын, тілші:

Клуб капитаны Әділет Садыбековтің айтуынша, команданың ішкі көңіл күйі жоғары. Тактикалық жоспар нақты. Ендігі мақсат – жанкүйер үмітін ақтап, алаңда барын салу.

Әділет Садыбеков, «Қайрат» ФК команда капитаны:

Біз өзіміздің жоспарымызды құрып, тактикамызды құрып, ойдағы жоспарларымызды орындаймыз деген ойдамын. Жанкүйерлерге мықты ойын және тартысты ойын болады. Намысты бермейміз деген ойдамын.

Қуан Нұрақын, тілші:

Жанкүйерлер де бұл кездесуді тағатсыздана күтуде. Олар үшін бұл – жай ғана матч емес, нағыз тарихи сәт. Көпшілігі бұл ойын Қазақстанның футбол тарихындағы жаңа бетбұрыс екенін айтады.
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч 30 қыркүйек күні, кешкі сағат 21:45-те басталады. Ойынды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.


Бөлісу