Н.Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде Парижде де тойланды
Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, КСРО халық әртісі, Қазақстанның «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы Парижде аталып өтті. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО-ның айтулы күнтізбелер тізіміне еніп, халықаралық деңгейде ұлықталды. Түрлі мәдениет пен салт-дәстүр тоғысқан Париждің көпұлтты ортасы қазақ композиторының шығармашылығын қалай қабылдады?
Мені қазақ концерттеріндегі классикалық жанрдың ұлттық аспаптармен ұштасуы қызықтырады. Оның үйлесімінен қайталанбас үн шығатындай. Сондықтан біз осындай концерттерді тағатсыздана күтеміз.
Тома, концерт қонағы:
Ең алдымен бұл – Қазақстанға саяхатқа шақыру. Атмосфера ерекше болды. Бұған барлығы келіседі деп ойлаймын. Қазақстан мәдениетімен бейтаныс адам ретінде айтып отырмын, бұл тамаша кеш болды. Оркестр түрлі аспаптардың – дәстүрлі қазақ пен классикалық аспаптардың – үйлесімімен ерекшеленді.
Катерина, концерт көрермені:
Маған қатты ұнады, ерекше әсер алдым. Қаншама адам, құдіретті музыка, сахнадағы экранда көрсетілген табиғаттың ғажайып көріністері де бәрі тамсандырды. Нағыз қазақ елінің табиғаты деп білдім.
«Саржайлау», «Аққу», «Махамбет», «Күй шашу», «Құстар әні» бұл әр қазаққа етене таныс шоқтығы биік шығармалар. Оны өз нақышына келтіріп композитордың қызы Дінзухра Тлендиеваның дирижерлік етуімен, академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі орындап, жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырды.
Дінзухра Тлендиева, «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері:
Бүгін шынында да 100-жылдық мерейтойдың салтанатты қорытынды сәттерінің бірі. Бұл шараның Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтуіне біз өте қуаныштымыз. Бұл – отбасы үшін де, «Отырар сазы» оркестрі үшін де, Қазақстан үшін де үлкен мәртебе, зор қуаныш. Менің ойымша, біз қазақ музыкасының, қазақ даласының рухани қуатын жеткізе алдық.
Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Біртуар таланттың өмір жолы мен артына қалдырған мұрасы қазақтың ғана емес әлемдік мәдениеттің жауһарына айналғандай...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
