Басты Жаңалықтар Ұлттық арнада жаңа маусым

Ұлттық арнада жаңа маусым

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа маусымын бастады. Биыл Qazaqstan», «Balapan», «Abai tv» телеарналарынан 17 жаңа бағдарлама, одан бөлек аймақтардағы бөлімдермен қоса алғанда 300 жоба эфирге жол тартты. 190 бөлімнен тұратын 7 телехикая, 10 анимациялық мультхикая мен 10 деректі фильм ұсынылады. Сондай-ақ бұған дейін көпшілік сұранысына ие болып, брендке айналған біршама бағдарлама өз жалғасын таппақ. Ұлттық арнаның жаңа тағылымды хабарлары мен танымдық ток-шоуларын Ернұр Медет таныстырсын.

Қазақстан телерадиокорпорациясы жаңа маусымын бастауға дайын. Биыл Qazaqstan», «Balapan», «Abai tv» телеарналарынан 17 жаңа бағдарлама, 190 бөлімнен тұратын 7 телехикая, 10 анимациялық мультхикая мен 10 деректі фильм ұсынылады. Сондай-ақ бұған дейін көпшілік сұранысына ие болып, брендке айналған біршама бағдарлама өз жалғасын таппақ. Ұлттық арнаның жаңа тағылымды хабарлары мен танымдық ток-шоуларын Ернұр Медет таныстырады.

Жаңа маусым. Жаңа бейне. Тың тақырып. Өзекті ақпарат. Ұлттық арна-Ұлттың айнасы.

Жаңа маусымда «Qazaqstan» арнасынан күн сайын «Қазір айтайық!» қоғамдық-әлеуметтік ток-шоуы тікелей эфирге шығады. Бағдарлама отбасылық және әлеуметтік мәселелерді көтеріп, әртүрлі буын өкілдерінен құралған тұрақты сарапшылар кеңесі арқылы мәселенің жан-жақты шешімін іздемек.

Жыл жаңалығының бірі – «Заң алдында» бағдарламасы. Өзгеше хабар қоғамда жиі талқыланатын, көпшіліктің көкейінде сұрақ қалдыратын сот процестерін талдап, күрделі істерді қарапайым тілде жеткізеді.

Жаңа телехикаялар керуені биылғы маусымда да жалғасады. Корпорация 190 бөлімнен тұратын 7 туынды ұсынады. Олардың қатарында «Естай мен Қорлан» тарихи драмасы, құқық саласында қызмет атқаратын арулар туралы «Офицер қыздар», жұмысшы мамандықтар жылына орай әзірленген «Бір шаңырақ астында» ситкомы бар. Сондай-ақ көрермен сұрауымен «Ақжауын» телехикаясының үшінші маусымы экранға қайта оралды.

Ернұр Бурахан, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:

 «Биылғы жобаларымыз заң мен құқықтық тәртіпті түсіндіруге, адал азамат қағидаттарына негізделген. Көрерменге жол тартатын негізгі хабарлар, қаржылық сауаттылығын арттыруға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелерді қаузайды.


Сондай-ақ басты мегажоба – «Ұнайды маған» кавер-шоуы. Бұған дейін Испания мен Грузияда жоғары рейтингке ие болған хабардың кастингіне 1000-ға жуық үміткер қатысып, ең үздік 100 қатысушы эфирге жолдама алды. 4 қазанда эфирге жол тартатын музыкалық бағдарламада көрермен «ең үздік кавер-орындаушы» атағы үшін тартысты бәсекені тамашалайды.

Одан бөлек, қаржылық сауаттылық жайлы Ақша әліппесі хабары, экологиялық мәдениетті насихаттайтын Таза Қазақстан жобасы, интелектуалдық бағыттағы «Тапқыр отбасы» сайысы телеарнаны түрлендіре түспек.


Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

Республикамыз кең байтақ қой. Сол кең байтақ далаға ең көп таралатын арна. Ұлттық деген сөзде тұр ғой. Сол ұлттың өзегі, өмірі, тілегі, арманы, аңсары соның барлығы ұлттық деген ұғымдарға тіреледі. Сондықтанда Қазақстан арнасының артықшылығының өзі сол ұлттық деген мәртебе деген атты иеленуінде деп ойлаймын.


Ернұр Медет, тілші:

«Таңшолпанмен» таңын атырған Ұлттық арна - өмірдегі, әрбір өңірдегі, жалпы сан-саладағы жаңалықтарды «Ақпарат» арқылы көрерменге жедел жеткізеді. Әлемдегі ахуал, Ақордадағы өзгеріс біздің назарда. Санадағы сан сауалдың жауабын Парасат майданында пайымдап, жаһан кеңістігіндегі маңызды кесімдер мен отбасылық күрделі шешімдерді әр түрлі ток-шоуларда таразылаймыз. Дәл осындай сапалы телевизиялық өнім ұсынатын төл арна ұнайды маған.


Бөлісу