Басты Жаңалықтар Н.Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті

Н.Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті

Қазақтың біртуар перзенті Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы Парижде аталып өтті. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО-ның айтулы күнтізбелер тізіміне еніп, халықаралық деңгейде ұлықталды.

Франция астанасындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен кеште Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева композитордың есімі — ұлттық қазына ғана емес, бүкіләлемдік мәдени мұраның бір бөлігі екенін айтты. Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, КСРО халық артисі, Қазақстанның"Халық Қаһарманы" Нұрғиса Тілендиевтен түрлі жанрды қамтитын 500-ден астам туынды мұра болып қалды. Оның ішінде күй, поэма, романстар, опера тіпті балетке арналған шығармалар бар. «Сарыжайлау», «Аққу», «Махамбет», «Күй шашу», «Құстар әні» бұл әр қазаққа етене таныс шоқтығы биік шығармалар. Оны өз нақышына келтіріп композитордың қызы Дінзухра Тлендиеваның дирижерлік етуімен, академиялық фольклорлық-этнографиялық Отырар сазы оркестрі орындап, жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырды.

Дінзухра Тілендиева, «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері:

Бүгін шынында да 100-жылдық мерейтойдың салтанатты қорытынды сәттерінің бірі. Бұл шараның Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтуіне біз өте қуаныштымыз. Бұл – отбасы үшін де, Отырар сазы оркестрі үшін де, Қазақстан үшін де үлкен мәртебе, зор қуаныш. Менің ойымша, біз қазақ музыкасының, қазақ даласының рухани қуатын жеткізе алдық.
 
 




Бөлісу