«Қайрат»-«Реал»: Желіде билет сатқандарға алданбаңыз
Алыпсатарлыққа жол берілмеді. «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч билеттерін нағыз жанкүйерлері ғана сатып алды. Талап бойынша 1 ЖСН-ге 1 билеттен берілді. Бұл туралы сатуға жауапты болған «Freedom» компаниясының өкілі айтты. Ал әлеуметтік желілер мен түрлі платформада сатылып жатқан билеттер қаншалықты жарамды? Оның шын яки жалған екенін қалай анықтауға болады?
Иә, тарихи матчты көру кез келген жанкүйердің арманы екен сөзсіз. Төрт сағат бойы телефоннан көз алмай кезегін күткендердің бірі қуаныштан, енді бірі өкініштен жылады.
Платформа арқылы билет алуға бір мезетте 1 миллионнан астам адам кезекке тұрған. Оның тек 20 мыңы ойынды стадионнан тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, билет алу оңай болмады дейді тұрғындар. Жүйе қатып, кейде істен шыққан сәттер де болғанын айтты.
Билетсіз қалып қамыққандарға жұбаныш та табыла кетті. Қазір әлеуметтік желіде алыпсатарлардың саудасы қызған. Құны: 30 мың теңгеден басталып, 750 мың теңгеге дейін барады. Сонда, «1 адамға - 1 билет» деген сөздің бос болғаны ма? Ал жүйе неліктен істен шыққан?
Азамат Атагелді, «Freedom Ticketon» коммуникациялар директоры:
Бір ЖСН-ге 1 билет. Әлеуметтік желіде белгілі бір адамдар өздеріне арнайы біршама билет алып қалды деген мәселе кеңінен талқыланып жатыр ғой. Мұның өзі рас ақпаратқа жатады деп айта алмаймын.
Спорт комментаторы Азиз Жұмаділ мұны қалыпты жағдай дейді. Билетке тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктердің де кезекке тұрғанын айтады. Бәрінің діттегін бір - футбол жұлдыздарын көзбен көру деп қосты.
Азиз Жұмаділ, спорт комментаторы:
Әрине 23 мыңдық стадионға өте қиын. Сондықтан бұл жерде мұндай ажиотаж болуы заңдылық. Бұған таңғалудың қажеті жоқ. Мұндай нәрсе күтілді. Кім билет алды, сол – бақытта жандар. Және билет алғандардың бәрі «Реалдың» ойынын көруге барып, «Қайратты» қолдауы керек.
Стадионға бара алмадым, «Реалдың» жұлдыздарын көзбе-көз көре алмадым, деп қаймықпаңыз. «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары матчты тікелей эфирде көрсетеді. Ойын 30 қыркүйек сағат 21:45-те басталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
