Басты Жаңалықтар «Ұнайды маған»: «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі телевизиялық маусымдағы жобаларын таныстырды

«Ұнайды маған»: «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі телевизиялық маусымдағы жобаларын таныстырды

«Ұнайды маған»: «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі телевизиялық маусымдағы жобаларын таныстырды

Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі телевизиялық маусымдағы жобаларының таныстырылымын өткізді.

Корпорацияға қарасты «Qazaqstan», «Balapan», «Abai TV» телеарналарынан 17 жаңа бағдарлама, 190 бөлімнен тұратын 7 телехикая, 10 анимациялық мультхикая мен 10 деректі фильм ұсынылады.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан: «Биылғы жобаларымыз «Адал азамат», заң мен тәртіп қағидаттарын тереңірек түсіндіруге, азаматтардың қаржылық және құқықтық біліктілігін арттыруға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруге бағытталады. Кез келген ақпаратты таратудағы біздің басты ұстанымымыз -  оқиғаны жеткізіп қана қоймай, адами құндылықтарға маңыз беріп, қоғамды ортақ әлеуметтік жауапкершілікке шақыру», - деді.

Жаңа маусымда «Qazaqstan» арнасынан күн сайын тікелей эфирде «Қазір айтайық!» қоғамдық-әлеуметтік ток-шоуы шығады. Бағдарлама отбасылық және әлеуметтік мәселелерді көтеріп, әртүрлі буын өкілдерінен құралған тұрақты Сарапшылар кеңесі арқылы тікелей эфирде мәселенің жан-жақты шешімін ұсынады. Қыркүйек айынан бастап жоба аясында инклюзивті білім беру, лудомания, пластикалық отаның зардаптары, емге қаржы жинау мәселесі, заңсыз лотерея сынды тақырыптар көтерілді.

Сонымен қатар арна эфирі «Заң алдында» (сот істері арқылы құқық нормаларын түсіндіреді), «Ақша әліппесі» (қаржылық сауат жайлы), «Тапқыр отбасы» (интеллектуалдық отбасылық сайыс) және «Таза Қазақстан» (экологиялық мәдениетті насихаттайды) сияқты жобалармен толықты.

Жаңа маусым мегажобасы – «Ұнайды маған» кавер-шоуы. Бұған дейін Испания мен Грузияда жоғары рейтингке ие болған талант-шоудың кастингіне 1000-ға жуық үміткер қатысып, ең үздік 100 қатысушы эфирге жолдама алды. 4 қазанда эфирге жол тартатын музыкалық жобада көрермен әсерлі музыкалық перфоманстар мен «Ең үздік кавер-орындаушы» атағы үшін тартысты бәсекені тамашалайды. Сондай-ақ ойын-сауықтық бағытта өнер адамдарының шығармашылығына арналған «Бәрекелді!», «Жұлдызды жүздесу» отбасылық сұхбаттар циклы көрсетіледі.

Жаңа телехикаялар керуені биылғы маусымда да жалғасады. Биыл Корпорация 190 бөлімнен тұратын 7 телехикая ұсынады. Олардың қатарында халық композиторы Естай Беркімбайұлының «Құсни-Қорлан» әнінің шығу тарихын баяндайтын «Естай мен Қорлан» тарихи драмасы, құқық саласында қызмет атқаратын арулар туралы «Офицер қыздар», жұмысшы мамандықтар жылына орай әзірленген «Бір шаңырақ астында» ситкомы, түркиялық «Kanal D» арнасымен бірлескен 100 бөлімдік «Қыздың жолы» телехикаясы бар. Сондай-ақ көрермен сұрауымен «Ақжауын» телехикаясының үшінші маусымы экранға қайта оралды.


Одан бөлек, тарихи, мәдени және әлеуметтік тақырыптарды қамтитын 10 деректі фильм ұсынылады. Олардың қатарында Қазығұрттан Алтай мен Маңғыстауға дейінгі өңірлерді аралап, жүз жасаудың формуласына үңілетін «Ұзақ өмір сүру құпиясы», ұлттық тағам түрлерін ғылыми тұрғыдан саралайтын «Қазақтың рационы», Еңбек адамдарын дәріптеу аясында түсірілген түнгі еңбектің беймәлім қырын ашатын «Түнгі Республика», обырды еңсерген жандар туралы «Үкім емес» деректі фильмдері бар.

Ал «Balapan» арнасы биыл 145 бөлімнен тұратын 10 жаңа анимациялық жоба ұсынады. Олардың ішінде балаларды табиғатты қорғауға баулитын «Томирис және сиқырлы әлем», достық пен татулықты дәріптейтін «Жалын мен Мөлдір», денсаулық пен ағза мүшелерінің қызметін түсіндіретін «Жедел достық», әйгілі Сұлтан Бейбарыс жайлы «Сұлтан Бейбарыс. Мысыр құпиялары» және басқа да мультхикаялар бар. Сондай-ақ кішкентай көрермендерге «Жүйрік пойыз 2», «Желаяқ 3», «Тоқты мен Серке 6» мультхикаяларының жаңа маусымы көрсетіледі.

«Abai TV» арнасы жаңа маусымда «Күй», «Музей», «Портреты», «Пайым» және «Ғылым тілінде» атты жаңа бағдарламалары арқылы ұлттық мәдениет пен ғылымды насихаттауды жалғастырса, «Qazsport» телеарнасы футболдан УЕФА Чемпиондар, Еуропа және Конференция лигаларын, «Барыс» клубының Құрлықтық хоккей лигасындағы ойындарын, дзюдодан «Grand Slam» және «Grand Prix» турнирлері мен басқа да халықаралық жарыстардан тікелей трансляция жасайды.

«Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының тыңдармандарына зорлық-зомбылық, ысырапшылдық, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік сынды бес кеселдің алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз қоғам», жер жаһандағы түрлі сәулет нысандары жайлы «Ғалам ғажайыптары», түрлі ұлттардың өзіне тән салт-дәстүрлері туралы «Әр елдің салты басқа», жастар мәселесі мен қарапайым еңбек адамдарына арналған «Адал азамат» бағдарламалары ұсынылады.

Сонымен қатар Корпорацияның 14 облыстағы аймақтық телеарналарынан 83 жаңа жоба эфирге шығады. Атап айтсақ, «Atyrau» арнасы жастарға арналған «5К: Көрінбейтін күрес» short-сериалын, «Semei» экология тақырыбындағы «Тазалайық» жобасын, «Qostanai» арнасы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын «Жол үстінде» сұхбаттар циклын, «Kokshe» ауыл өмірін бейнелейтін «Талбесік» хабарын ұсынады. «Jambyl» арнасы Жасанды интеллект көмегімен халық ертегілерін анимациялық фильмге айналдырса, тарихи тақырыпқа ден қойған «Qyzylorda» арнасы «Алаш қайраткерлері. Қызылорда кезеңінде» деректі фильмдер циклін әзірлеуде.


Бөлісу