Басты Жаңалықтар «Қайрат» - «Реал Мадрид»: Билет сатып алуға 1 млн адам өтінім берген

«Қайрат» - «Реал Мадрид»: Билет сатып алуға 1 млн адам өтінім берген

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчының билеттерін сатып алуға 1 миллионнан астам адам өтінім берген. Алайда тарихи матчты көру мүмкіндігі санаулы адамға ғана бұйырды. Билеттер 4 сағаттың ішінде сатылып кеткен. Сату барысында үш платформа да пайдаланушылар санының шектен тыс көп болуына байланысты істен шыққан кезі де болған.

Әлеуметтік желі қолданушылар кезектерінің соңына қарай жылжығанын жазды. Тіпті кейбірінің сатып алған билеті артынша жарамсыз болып қалған.

Айта кетейік, Орталық стадионның сыйымдылығы — 23 804 орын. Бірақ оның тек 20 мыңдайы ғана сатылымға шықты. Қалғаны клуб қызметкерлеріне, паралимпиадашыларға, академия тәрбиеленушілеріне және УЕФА өкілдеріне резервтелген. Матч билеттер 30 мың мен 250 мың теңге аралығында саудаланды. Клуб өкілдері әу баста 1 ЖСН-ге 1 билет берілетінін айтқан еді. Алайда түрлі платформа арқылы билеттер сатылып жатыр. Бағасы 30 мың теңгеден басталып, 750 мың теңгеге дейін барады. Алыпсатарлар стадионға кіргізіп, орныңызға жайғастыруға да көмектесеміз деп, жарнама жариялаған. Олар алдын ала төлем жасауды міндеттейді. Дегенмен билет сатуға жауапты «Фридом» компаниясының өкілдері оған алданып қалмауға шақырады. Айтуынша, 1 адамға тек 1 билеттен сатылған. Стадионға бара алмайтын көрермендер матчы 30 қыркүйек сағат 21:35-те «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан көре алады.

Бөлісу