Басты Жаңалықтар Дүлей дауылдың соққысына дайындық жүріп жатыр

Дүлей дауылдың соққысына дайындық жүріп жатыр

Қытайға «Рагаса» атты дүлей дауыл жақындап қалды. Сондықтан Гуандун провинциясында 770 мың адам эвакуацияланған. Жалпы алғанда, бүгін көшірілгендер саны миллионнан асып кетуі мүмкін. Сонымен қатар он шақты қалада мектептер мен кейбір кәсіпорындарды жабуға бұйрық берілген. Алапат қауіпке душар болғандар қатарында Гонконгпен бірге көршілес Макао мен Тайвань да бар. Қазір жергілікті тұрғындар есік-терезелерін қымтап, дүкендерден керек-жарақтарын жанталасып алып жатыр.

Вонг Чипо, Гонконг Тұрғыны, ресторан қожайыны:

Алаңдап жүрмін. Мұнда тұрып жатқаныма 40 жыл болды. Тайфунның не екенін жақсы білемін. Оның екпінінен су 4-5 метрге дейін көтеріледі. Осы жолы сәтін салып, аман қаламыз деп үміттенемін. Гонконг пен Қытайдың барлық тұрғындарына амандық тілеймін. Ойнайтын дүние емес.

Болжамдарға қарағанда, сұрапыл тайфун Гуандунға ертең кешке дейін сағатына 220 шақырым жылдамдықпен соққы беруі мүмкін. Жауын құйып, су көтеріліп, лай көшуі ғажап емес. Содан кейін «Рагаса» Вьетнамға беттеп, жолындағы миллиондаған адамға зардап әкелуі ықтимал. Айта кетсек, бұл тайфуннан Филиппин аралдарында үш адам қаза тауып, алтауы жоғалып кетті.


Бөлісу