Басты Жаңалықтар Риддер қаласы қысқа толық дайын

Риддер қаласы қысқа толық дайын

Шығыстағы «Риддер жылыту электр орталығы» мен құбырды жаңғыртуға мемлекеттен соңғы екі жылда 19 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде қазандықтардың тозуы 75-тен 43 пайызға дейін төмендеді. Осы жазда энергетик мамандар турбина цехын да жөндеп, іске қосты. Кеншілер шаһараның алдағы қысқа дайындығын тілшіміз Олжас Керейхан арнайы барып көріп келді.

Риддер жылыту электр орталығы соңғы екі жылда тоқтаусыз жаңғыртылып келеді. Былтыр да тұрғындар қыстан қысылмай шықты. Стратегиялық нысындағы 6 қазандық толық жөнделді. Биыл турбина цехы да жаңартылды.

Баймұханбет Молдабаев, Турбина цехының ауысым бастығы:

Қыстай екі турбина үздіксіз жұмыс істеді, 17–18 мегаватт қуат өндірді. Қаладағы жылу да, ыстық су да бізден беріледі. Сыртқы ауа температурасына қарай режимді реттеп отырдық.

Тимур Абдулов, Мердігер компания өкілі:

Қазылған шұңқырлардың барлығы жабылып, тегістелді. Енді асфальт төсейміз. Біздің компания 2,5 шақырымдық жылу магистралін ауыстырды. Кесте бойынша жұмысты қазан айының ортасында аяқтауымыз керек, бірақ біз оны ертерек бітіреміз.

Риддерде 446 көпқабатты үй және 43 әлеуметтік нысан бар. Былтырдан бері әр үйдің ішкі жылу жүйелері мен  жертөледегі құбыр және  су өлшейтін құрылғылар жаңаланып жатыр.

Елена Кайль, жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

Ішкі жылу жүйелерін жаңартуды 5 жыл бұрын бастағанбыз. Кезең-кезеңімен толық жаңғырттық. Менің қарамағымда 9 көпқабатты үй бар, олардың барлығы қысқа дайын. Бүгінге дейін жылуды қосып, бір рет тексеріп алдық.

Жалпы, шығыстағы жылылту электр орталықтарының барлығы 50-60 жыл бұрын салынған. Сондықтан тозу деңгейі 40-тан 60 пайыз. Дегенмен соңғы 3 жылда стратегиялық нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту басталды. Бүгінге дейін тек «Риддер ЖЭО» 70 пайыз жаңарды.

Нұрымбет сақтағанов, облыс әкімі:

Соңғы үш жылда Үкімет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілді. Қазандықтарды жөндеуге 12 миллиард теңге, жылу желілерін жаңартуға 7 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде қазандықтардың тозу деңгейі 75 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеді.

Келер жылы Өскемен жылыту электр орталығында жаңа қазандық салынбақ. Өйткені облыс орталығында жылу мен энергия тапшылығы  жыл санап артып келеді.

Бөлісу