Президент АҚШ-тың бизнес өкілдерімен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында жалғасты. Келіссөздерде энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп және білім салаларындағы серіктестік мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы АҚШ-ты Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі деп атап, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге ниетті екенін жеткізді.
Нью-Йорк. Жаһанның негізгі қаржы орталығы. Әлемнің жетекші экономикасы саналатын АҚШ-тың ең ірі компаниялары да осында орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаев Уолл-Стриттегі бизнес алыптардың басын бір үстел басына қосып, іскерлік әріптестікті кеңейту мәселесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме жүргіздік.
Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллар қаржы құйған ірі инвестор. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Meta, Citibank секілді танымал брендтер бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз. Өзара серіктестігіміз алдағы уақытта да әділ әрі екі тарапқа тиімді нәтиже әкелгенін қалаймыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді.
Сонымен қатар Президент геологиялық барлау мен уран өндірісіндегі жаңа мүмкіндіктерге назар аударды. Бүгінде Қазақстан әлемдік уран сұранысының шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал АҚШ бұл шикізаттың 24 пайызға жуын біздің елден импорттайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке: мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз.
Президент америкалық инвесторларды Қазақстандағы сирек металдарды игеруге шақырды. Сондай-ақ көлік және логистика саласындағы кең мүмкіндіктерге тоқталып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктері көп екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Wabtec компаниясының еліміздегі машина жасау және теміржол көлігі салаларын ілгерілетудегі негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Қазақстан аталған компаниямен серіктесе отырып, физикалық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды, интеграцияланған көлік дәліздерін де құрып жатыр. Біз Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз.
Президент пікірінше, өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – агроөнеркәсіп кешені.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз PepsiCo және Mars компанияларының заманауи, экспортқа бағдарланған зауыт салу жоспарын құптаймыз. Бұл бастамалар Қазақстанның экспорттық қуатын арттырып қана қоймай, өнімдеріміздің жаңа өңірлік нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін орнықты ауыл шаруашылығын дамытуды, су ресурстарын үнемдеп пайдалануды және аталған саланы цифрландыруды көздейтін ортақ Агроинновациялық бағдарлама жасауды ұсынамыз.
Қазір «Болашақ» бағдарламасымен 800-ден астам студент АҚШ университеттерінде білім алып жатыр. Президент жас буын көшбасшыларын қалыптастыру үшін америкалық жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобаларды кеңейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі екенін айтты.
Автор
Шерхан Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Қазақстан жасанды интеллект стартаптарына 10 миллиард теңге бөлді
28.09.2025, 20:20

Бір туристің орташа шығыны экономика үшін қаншалықты маңызды?
28.09.2025, 20:13
Банктер неге 4% ғана салық төлейді?
28.09.2025, 20:12
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында қандай ұсыныстар айтты?
28.09.2025, 20:06
Қазақстанға судың 44%-ы шет мемлекеттерден келеді
28.09.2025, 20:04
Ақтөбе облысының тұрғындары қоғамдық көлікке міну үшін вагон астымен өтуге мәжбүр
28.09.2025, 20:01
Атырау облысында 200 млрд теңге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан заңсыз аударылған
28.09.2025, 19:55
Астанада LRT пойызы сынақ режимінде жүре бастады
28.09.2025, 19:48