Басты Жаңалықтар «Алтын доп» иесін тапты

«Алтын доп» иесін тапты

«Алтын доп» өз иесін тапты. Өткен футбол маусымының ең үздік ойынышысы болып, Франция құрамасы мен «ПСЖ» шабуылшысы – 28 жастағы Усман Дембеле танылды. Жалпы, Дембеле мұндай жекелеген беделді сыйлыққа ие болған алғашқы француз емес, бұған дейін бұл марапатқа 5 отандасы ие болған.

Усман Дембеле «ПСЖ» Чемпиондар Лигасын жеңгеннен кейін үміткелер қатарына енді. Ол бұл турнирден бөлек, өткен маусымда клубпен бірге Франция лигасын, Франция кубогын және Франция суперкубогын жеңіп алды. Ол АҚШ-та өткен клубтар арасындағы Әлем чемпионатында да екінші орын алды. Маусым барысында Вернон тумасы 37 гол соғып, 15 нәтижелі пас берген. Жалпы, дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орынды 18 жастағы испандық Ламин Ямаль иеленсе, үздік үштікті португалиялық Витиньо түйіндеді. Сондай-ақ үздік ондыққа ПСЖ-ның бес ойыншысы енді. Ал әйелдер арасында басты жүлдені «Барселона» мен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Айтана Бонмати еншіледі.

Айта кетейік, «Алтын доптың» салмағы 15 келі. Доп 5 келі 18 карат алтынмен жалатылған жезден жасалған. Кейбір деректер бойынша оның құны 13,5 мың доллардан асады. Бұдан бөлек марапаттау кешінде үздік ерлер мен әйелдер клубы, үздік сұрмергендер, үздік қақпашылар, үздік бапкерлер мен үздік футболшылар марапатталды.

Усман Дембеле, «Пари Сен-Жермен» ФК ойыншысы:

Негізі мен жылаймын деп ойламадым. Күшті әрі салқынқанды болуға тырыстым. Алайда үнемі мен қолдайтын отбасым есіме түскенде көңілім босап кетті. Баршаңызға рақмет! Мені шыңдап жүрген Луис Энрике сияқты бапкерім болғаны үшін бақыттымын. Өткен маусымдағы маңызды матчтарда барымды салдым. Сондықтан «Алтын доптың» маған бұйырғанына өте қуаныштымын.


Бөлісу