Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысында үш адамнан қатерлі ісік анықталды

Маңғыстау облысында үш адамнан қатерлі ісік анықталды

Ақтауда облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні өтіп, үш тұрғыннан қатерлі ісік анықталды. Тағы сонша адам аты жаман ауруға күдікті деп танылды. Бұл тек түске дейін келген 50 адамның арасынан анықталғаны. Мамандар осылайша ауруды ерте сатыда анықтауға тырысуда. Өйткені ондай науқастарды емдеу әлдеқайда жеңіл болмақ.

Ашық есік күніне келген тұрғындар орталықтың профессорларымен қатар, германиялық онколог дәрігер Хеннинг Риттерден де кеңес алды. Бірқатары медициналық тексеруден өтіп, кейбіріне сырқатына қарай басқа дәрігерлерге жолдама берілді. Бірнеше күннен бері диспансердің жұмысымен танысқан шетілдік профессор Ақтауда ауруды анықтау мен оны емдеу жолдары дұрыс жолға қойылғанын айтады.

Хеннинг Риттер, германиялық онколог дәрігер:

Біздің елде скрининг әр 4 жылда өткізіледі. Бұл қатерлі ісікті алдын алудың тиімді жолы. Сол әдіс Ақтауда да жолға қойылған екен. Айырмашылығы сіздерде жыл сайын өткізіледі. Ал қондырғыларымыз дәл осындай. Тек Ақтаудағы оңалту орталығы Германиядағыға қарағанда жақсырақ. 

Қазір Маңғыстауда қатерлі ісіктің сүт безі, жатыр мойыны ісігі, өкпе, асқазан, ішек жолдары деген түрлері алдыңғы қатарда тұр. Жылына 1 мыңнан астам адамнан онкологиялық ауру анықталады. Бұған диспансердегі заманауи қондырғылар көмектесуде.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Жуырда диспансерде позитронды эмиссиялық томография орталығы ашылған болатын. Бұл қондырғы қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың диагнозын нақтылауға көмектеседі. Бүгінге дейін 50-ге жуық адам түскен. Қондырғы Батыс Қазақстан бойынша тек Ақтауда ғана.

Онкологиялық диспансер биыл мамандармен де толықты. 20-дан астам дәрігер арнайы шақыртумен келсе, оқу бітірген тағы 8 жас маман жұмысқа орналасқан.

Нұрлан жариев, Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің директоры:

Диагностика бойынша бізді толық қамтамасыз етті. Ол эндоскопия саласы болсын, ол сәулелік диагностика болсын, басқасы болсын қамтылды. Анықтаған науқастарды емдеу жағы да, ота жасау өте жоғары деңгейге өсіп жатыр. 

Мамандар мәселе қанша адамнан табылғанында емес, қатерлі ісіктің қай сатыда анықталғанында дейді. Сондықтан ашық есік күні енді ай сайын Ақтауда және аудан орталықтарында өткізілмек.


Бөлісу