Басты Жаңалықтар «Айдосты кішкентай кезінен спортқа баулыдым»

«Айдосты кішкентай кезінен спортқа баулыдым»

Хорватияда өткен Әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Айдос Сұлтанғалидің отбасы да ел ықыласына бөленіп, көптің алғысына ие болып жатыр. Тарихты жаңғыртқан чемпионның ата-анасы мен жақындарының қуанышына тілшіміз Әділбек Серікұлы да ортақтасып, емен-жарқын сұхбаттасып қайтты.

Кеулімжаевтар әулеті көгілдір экраннан Айдостың әр белдесуін қалт жібермей тамашалап, оғлан ұлдың амандығын тілеп отырды. Оның Әлем біріншілігіндегі жарқын жеңісі бір отбасының ғана емес, ширек ғасырдан бері осындай жетістікті күткен күллі қазақ елінің қуанышына айналды.

Априза Смайылова, Айдос Сұлтанғалидің анасы:

Қазақ батырларын жауға жібергенде, «Намысты қолдан берме!» деп шығаратын. Мен де балама: Бас жарылса — бөрік ішінде, қол сыңса — жең ішінде, сүйек аман болсын. Еттің жарасы жазылады»,- дедім. Ол 3-4 жасында-ақ менің алдымда жаттығу жасайтын. Сол еңбектің қайтқаны шығар, шүкір.

Бозкілемнің оғланы атанған Айдос — отбасындағы кенже бала. Үш қыздан кейін дүниеге келген ұлды ата-анасы жас кезінен спортқа баулыған. Тіпті, 6-сыныпта оқып жүргенінде Қызылордадан Петропавлдағы спорт-интернатқа жіберіп, кәсіби спорт жолына түсуіне жол ашқан. Әлем чемпионатының алтыны — сол үкілеген үміттің ақталғаны.

Сұлтанғали Кеулімжаев, Айдос Сұлтанғалидің әкесі:

Біз Айдосты үй шаруасына, басқа жұмысқа жұмсаған емеспіз. Бала ғой, қанша айтқанмен, бір көмектесейін деп тұрады. Бірақ мен үнемі айтатынмын: Айдос, сенің алдыңа қойған мақсатың бар. Соған жет, қалғанының бәріне үлгересің»,-деп. Қазір, міне, төбеміз көкке жетіп тұрғандай.

Сұлтанғали әулетіндегі бұл қуаныш — барша қазаққа ортақ. Ендігі мақсат — Олимпиада алтыны.



Бөлісу