Елімізде ет жәрмеңкелерінің саны артады
Күз басталғалы еліміздің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Өткен сенбіде ғана қазақстандықтар бұл сауда орындарынан 200 тоннаға жуық сиыр етін сатып алған. Баға нарықтағыдан 15–20 пайызға төмен.
Қазанат ипподромының автотұрағында таң атқалы бері сауда қызып тұр. Таңғы тоғыздан бастап жиналған халық әр өңірдің дәмін татып, арзан өнім алуға асық. Мұнда қалағаныңыздың бәрі бар. Жалпы көлемі 400 тоннадан асатын өнім елорда тұрғындарына базар бағасынан төмен ұсынылуда.
Бұл жолы бас қалаға Абай облысы мен Атырау өңірінің өндірушілері келді. Тұрғындарға ет, сүт өнімдері, сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрі ұсынылған. Жұрт шығыстың етін, батыстың балығын алып мәз-мейрам.
Жәрмеңке өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын маңызды алаң болғандықтан, қос тарапқа да тиімді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға баса назар аударылған. Сұранысқа қарай енді облыстарда ет өнімдері жәрмеңкелерінің санын арттыру жоспарланып отыр.
«Былтырғы тәжірибемен салыстырсақ, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 10 мың тоннадан астам өнім сатылды. Бұл, біріншіден, тауар өндірушілерге қолдау көрсету, екіншіден, халыққа қолжетімді баға ұсыну үшін. Келесі аптада бұл жәрмеңкеге Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстары қатысады».
Жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде 1300-ден астам жәрмеңке өткізілмек. Бұл – қыстық азық-түлік қорын тиімді бағада алдын ала қамдап алуға мүмкіндік береді, – дейді жауаптылар.
Ернұр Медет
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
