Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Нью-Йоркте бірқатар кездесулер өткізді

Мемлекет басшысы Нью-Йоркте бірқатар кездесулер өткізді


Мемлекет басшысы Нью-Йорктағы жұмыс сапары аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Президент әлемге әйгілі бірнеше компанияның басшыларын қабылдады. АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырады.


Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Президент жұмыс сапарын канадалық трансұлттық компания Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельді қабылдаудан бастады. Екі жақ уран өндіру саласындағы ынтымақты талқылады. Cameco көп жылдан бері «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Осы кезге дейін жарты миллиард доллардан астам инвестиция құйып, жаңа технологиялардың Қазақстанға келуіне сеп болды.


Мемлекет басшысы сондай-ақ Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесті. Америкалық жетекші инвестициялық банк Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді серіктестік орнатқан. Президент ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді. Әрі толық цифрлық мемлекетке айналуды мақсат тұтқан Қазақстан жасанды интеллект пен қаржы экожүйесін цифрландыру саласындағы ынтымақты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Бұл орайда америкалық институтпен байланыс арта түспек.


Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
«Бізде қазір олармен бірнеше жобаны талқылап жатырмыз. Мысалы, цифрлық инфрақұрылымдар, деректерді өңдеу орталықтарын құру, сондай-ақ жасанды интеллект құралдары мен агенттерін әзірлеу бойынша бірқатар жоспарымыз бар».


Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сондай-ақ Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады. Амит Севак Мемлекет басшысына компанияның халықаралық жұмыс жоспары туралы мәлімет берді. ETS – білімді тестілеу мен бағалау саласындағы көшбасшы ұйым. Джиаре, ТОЕFL, IELTS, SAT секілді ең атақты тестілерді жасаған. Жыл сайын әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлеп, ұлттық білім беру жүйесіне арналған шешімдер ұсынады. Президент Қазақстанның компания тәжірибесін зерделеуге және пайдалануға мүдделі екенін айтты.


Амит Севак, ETS президенті және бас атқарушы директоры:
«Бүгін біз ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқыладық. ETS-тің тестілеуді әзірлеу, өткізу және бағалау саласындағы әлеуетін пайдалана отырып, бірлесіп жұмыс істей аламыз. ETS-тің құрылғанына шамамен 80 жыл болды. Біз әлемнің түрлі елдеріндегі тестілеу жүйесін жаңғыртуға атсалысып келеміз».


Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
«Қазіргі таңда біздің ҰБТ-ның сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру жұмысы осы ең ірі, ең беделді тестология орталығымен бірге жүзеге аспақ. Келесі айда үлкен зерттеушілер делегациясы келеді. Яғни бірнеше жылдың ішінде ҰБТ-ның сапасы мен мазмұны айтарлықтай өзгереді».


Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Президент бүгін Смитсон институтының басшылығымен де кездесті. Құрамына ондаған музей мен галерея, ғылыми орталықтар, кітапханалар мен ұлттық зообақтар кіретін орталық – әлемнің ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинге қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді дәріптеп жүргені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ мәдени дипломатия Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.


Жалғас Сәдібекұлы

Бөлісу