Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысады
Қыркүйектің жиырма үші күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында жалпы пікір талас апталығы басталады. Оған қатысып, ұйымның мінберінен сөз сөйлеу үшін әлем елдерінің басшылары қазірден АҚШ-қа табан тіреп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барып, ұйым сессиясына қатысады. Әрі бірқатар мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөз жүргізеді.
Сондай-ақ, Президент АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен және әлемдік жетекші компаниялардың басшыларымен кездеспек.
Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталған бойда іргесі қаланған БҰҰ ендігі мұндай зұлматтарды болдырмау үшін құрылған еді. Алайда соңғы жылдары қан құйлы қақтығыстардың өршуі, күшті мемлекеттердің әлсіз елдерге қысым көрсету әрекеттерінің артуы ұйымға деген сенімді әлсіретіп, беделін түсірді. Содан болар сексен жылдық мерейтойлық күй сезілмейді. Ұйымның бас хатшысы Антонио Гутерриш әлем жаһандық сын қатерлерге қарсы бірікпесе жер бетін хаос жайлайды деп мәлімдеді.
Антониу Гутерриш, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы:
Біз жаһандық дағдарысқа тап болып отырмыз. Геосаяси алауыздық қақтығыстарды тиімді шешуге мүмкіндік бермей, жанжалдар көбейіп барады. Жауапсыздық сезімі күшейді. Әрбір мемлекет өз қалағанын істей аламын деп ойлайды. Сондықтан көшбасшылар халықаралық ынтымақтастықтың дәл осындай сәтте қаншалықты маңызды екенін түсінулері қажет; мұнда келіп, біз тап болып отырған кейбір жағдайларда ең болмағанда бейбітшілікке үміт сыйлайтын келіссөздер мен делдалдық жүргізулері қажет.
Жалпы пікір-таласта негізгі сөз болатын мәселенің бірі әрине Газадағы гуманитарлық апат. Миллиондаған адам бірнеше айдан бері аштық азабын тартып отыр. Әлемнің айыптауына қарамастан Израил әскери қимылдарды күшейтіп, күн сайын ондаған адам қаза табуда. Бұған наразылық ретінде Австралия, Франция Бельгия, Ұлыбритания және Канада секілді батыс елдері осы сессия аясында Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде мойындамақ. Бірақ, бұл тарихи сәтті Палестина президенті Махмуд Аббас Нью-Йоркке келіп көре алмайды. Израилдің айнымас одақтасы АҚШ виза бермей қойған. Сондықтан бүгін БҰҰ бас ассамблеясы дауысқа салып, оған келесі аптада әлем көшбасшыларының жыл сайынғы жиынында бейне үндеу жасау арқылы сөз сөйлеуге рұқсат берді.
Рияд Мансур, Палестинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:
«Әрине, біздің жетекшілеріміз қандай да бір мүмкіндік болса, кез келген деңгейде қатысады. Бірақ біз өз құқығымыздан бір қадам да шегінбейміз – біз де сіздер сияқты тең дәрежеде қаралуға, шақырылған кез келген жиынға қатысу үшін визалар алуға хақылымыз. Қабылдаушы ел бізге виза беруден бас тарту арқылы өз өкілеттігін теріс пайдалана бермеуі керек.».
Сонымен жалпы пікір талас 23 пен 29-шы қыркүйек аралығында өтеді. Оған жүзден аса мемлекеттің басшылары қатысып сөз сөйлейді. Әлемді жайлаған қақтығыстарды тоқтаумен қатар, климаттың жылынуымен күрес, тұрақты даму, жасанды интеллект және әйел құқығы мәселелері де сөз болмақ. Жалпы, баяндама жасаушыларға 15 минут уақыт беріледі. Дегенмен, кейбір елдердің көсемдерінің мінберді босатпай регламенттен асып, сағаттап сөйлеп тұрып алған кездері де болған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
