Басты Жаңалықтар Электрлі самокатпен болған жол-көлік оқиғалары екі есе артты

Электрлі самокатпен болған жол-көлік оқиғалары екі есе артты

Елімізде электросамокаттарға қатысты жол-көлік оқиғалары көбейді. Жыл басынан бері 153 жағдай тіркеліпті. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есе жоғары. Ең көп жол апаты Алматы қаласында– 79 оқыс оқиға. Астанада – 38, Шымкентте – 11. Сәйкесінше зардап шеккендер саны да өсіп отыр. Қос дөңгелікті техникамен болған қақтығыстардан 173 адам жарақат алған. Олардың тең жартысы – кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар, биыл мұндай жол апаттарынан бір адам көз жұмған. Статистика тек зардап шеккен азаматтар мен зақымданған көліктер бар фактілерді қамтиды. Шын мәнінде жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары бұдан да көп. Сондықтан электросамокаттарды пайдалануға қатысты  қатаңдату шаралары қолға алынып жатыр.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшлік Полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Жалға беретін компаниялармен бірлесе отырып, электросамокаттарға мемлекеттік нөмірге ұқсас арнайы тіркеу нөмірлері бекітіледі. Сол нөмірлер арқылы самокаттарды бақылау жүзеге асады. Сонымен қатар олардың жылдамдығын анықтау үшін бұл тіркеу нөмірлері самокаттың көзге көрінетін ыңғайлы жеріне орналастырылады. Осылайша автоматты тіркеу жүйелері мен бейнекамералар арқылы реттеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазақстанда электрлі самокат жүргізу ережелері екі жылдан бері бар. Қолданыстағы заңнама бойынша, бұл техника түрімен жаяу жүргінші жолымен жүргенде жылдамдық 6 км/сағ-тан аспауы тиіс. Ал шлемсіз немесе екі адам болып жүруге тыйым салынған. Алайда шектеулерді бұзу жалғасып жатыр. Тұрғындар да: электр көлігін тізгіндегендер қауіпсіздікті сақтай бермейтініне наразы.


Бөлісу