Басты Жаңалықтар «Әмеңгер» фильмі көрерменге жол тартты

«Әмеңгер» фильмі көрерменге жол тартты

«Әмеңгер» фильмі - тек көнеден қалған салт туралы емес. Бұл туынды ер адамның ішкі драмасын, жалғыздығын және ұрпақ алдындағы жауапкершілігін шынайы бейнелейді. Сценарий авторының айтуынша, бұл туынды махаббат емес – парыз, жеңіс емес – шыдам хақында.

Қанат Рамазан,сценарий авторы:

Ертеректе енді ұрпақты сақтау үшін, балалар жетім қалмасын, басқаларға жәутеңдемесін деп өзінің әулетінде, өзінің отбасымен бірге қалсын деп жаугершілік замандарда кең қолданылған дәстүр ғой. Бірақ қазір байқап жатырмыз қазіргі заманның өзінде Қазақстанның әртүрлі облыстарында тура осындай жағдайлар көп екен.

Басты кейіпкер Жанаттың бейнесі арқылы көрермен ерліктің үнсіз келетінін, ал кейде салт-дәстүр махаббаттан да биік болатынын аңғарады. Актерлардың айтуынша, фильмде тек әмеңгерлік емес, әр кейіпкердің бет-бейнесі, жеке тағдыры кеңінен ашылады.

Елдос Шайкенов, актер:

Бұл жерде тек әмеңгерлік туралы ғана қозғалмайды. Адамның тағдыры қозғалады. Әр кейіпкердің линиясы ашыла білген. Мен әлі өзім көрген жоқпын. Қатты қобалжып тұрмын шынымды айтсам. Жанаттың образы қазағымыздың байсалды жігіттерінің бірі. Ауыл шаруашылығымен айналысады. Қала қызық емес оған.

 Фильмдегі басты рөлдерді Елдос Шайкенов, Индира Құлмағамбетова, Ермек Шынболатов, Мақсат Рахмет, Бекзат Жүнісов және Олжас Тоғымбет сынды танымал актерлер сомдайды. Психологиялық драмаға  толы картинаны кинотаетрлардан тамашалауға болады. 

Бөлісу