Басты Жаңалықтар Дін адамзатты біріктіру құралы ретінде пайдаланылуы тиіс

Дін адамзатты біріктіру құралы ретінде пайдаланылуы тиіс

Кез келген дін әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бағытында жұмыс істеуі керек. Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері бейбіт болашақтың бағдары осындай болуы тиіс деген ұйғарымға келді. Жиын қорытындысы бойынша декларация қабылданып, құжат бекіді. Әріптесім ретімен жеткізеді.

Бүгінгі әлемде мыңдаған дін мен сенім бар. Соның барлығы ортақ мақсатта жұмыла жұмыс істейтін уақыт келді. Әр қайсысы бөлек-бөлек емес, күш біріктірсе нәтиже береді. Бұл – алғашқы секцияның басты қорытындысы. Сонымен қатар дінді тұрақты даму мен бейбіт өмірдің құралы ретінде тиімді пайдалану да өте маңызды.

Абдул Атив Юсуф Әль Мутлак, Дүние жүзі ислам елдері лигасының адам құқығы бойынша өкілі:

Барлық дін жастарға дұрыс тәрбие берсе, ең өзекті мәселелердің тамырына балта шабуға болар еді. Олардың білімі терең, санасы биік болса теріс ағымдардың жетегінде кетпей, экстримистік топтар жойылар еді. Сондықтан дінге бөлінбей адамзаттық құндылықтарға ерекше назар аудару қажет деп есептеймін.

Қазір заманға сай діндердің арасында ашық әрі конструктивті диалог орнату үшін жаңа технологиялар мен мүмкіндіктерді кеңінен қолдану керек. Бүгіннің талабы осы.

Али Акбар Зиае, дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығының жетекшісі:

Цифрлық дамуды діни жұмыстарға кіріктіруге болады және бұл жұмыс қазіргі заманның талабы дер едім. Өйткені, қазір барлық адам, әсіресе жастар цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр. Бастысы оның игілігін дұрыс бағытта пайдалана білуіміз керек.

Қазір діннің атын жамылып, түрлі сорақы әрекеттер жасайтын топтар көбейген. Бұл мәселе де үлкен және ашық талқылаудан өтті.

Арам І, Каликия ұлы үйінің католикосы:

Шын мәнінде конфессияаралық диалог экстремизм мен зорлық-зомбылық мәселесін бірлесе отырып шешуге мүмкіндік беретін платформа. Өйткені, мұндай қатыгездік қай ел, қай мәдениет немесе дін болса да адам баласының қадір қасиетіне қайшы келеді.

Жиын қорытындысы бойынша «Астана декларациясы» қабылданды. Құжат отызға жуық тармақтан тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы.

Қорытындылай келе, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қабылдаған декларация Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде ресми қаралады. Съездің халықаралық ынтымақтастықты нығайту және дінаралық диалогты дамыту жөніндегі бастамалары ұйымның негізгі мақсаттарымен сәйкес келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Бұл – барша елдерге, халықтар мен діндерге ортақ аса маңызды құндылық. Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі саналады. Сіздер осы жолда аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі басқосуды соның жарқын көрінісі болды деуге болады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Әлемнің әр бұрышынан жиналған дін көшбасшылары Астанада бейбіт болашақтың бағытын айқындады. Олар татулық пен толеранттылық – адамзаттың ең басты байлығы екенін жеткізді. Ал дін адамзатты бөліп, жару емес біріктіру құралы болуы тиіс.


Бөлісу