Басты Жаңалықтар Жаһандық қиындықты еңсеруде жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі

Жаһандық қиындықты еңсеруде жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі

ХХІ ғасырдағы ең күрделі түйткілдерді еңсеруде жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында өтіп жатқан жас көшбасшылардың II форумында Сенат төрағасы осылай деді. Жиынға жастар қозғалыстарының өкілдерімен қатар ғалымдар, белсенділер, орнықты даму, ақпараттық технология, мәдениет және коммуникация салаларының сарапшылары қатысты. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, былтырғы Форум жаһандық түйткілдерді шешуге жастардың атсалысуы маңызды екенін көрсетті. 

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қиын кезеңдерде біз қабырға емес, көпірлер салуымыз керек. Қазір біз бұрын-соңды болмаған қайшылықтардың күрделі дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. ХХІ ғасырдағы ең қиын түйткілдерді еңсеруде сіздерге, яғни жас көшбасшыларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл жолда тек ашықтық, адалдық және сенімге негізделген диалог арқылы көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Өзара сенім болмаса, берік халықаралық тұрақтылық орнату мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан бейбітшілік пен мәдени әралуандықты құрметтеу қағидаларын дәйекті түрде дәріптеп келеді.
Шара соңында «Бейбіт өмір – жастар таңдауы» атты қорытынды коммюникенің жобасы таныстырылды. Құжатта қазіргі жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде конфессияаралық диалогтың рөлі аса маңызды екені айтылған. Бұдан бөлек VIII съезд аясында 4 түрлі тақырыпта пленарлық секция отырысы өтті. Қатысушылар талқыланған мәселелер мен айтылған ұсыныстар туралы өз пікірімен бөлісті.
Михаэль Хюбнер, Германияның Мартин Лютер атындағы евангелиялық-лютеран одағының бас хатшысы:
Қазақстандағы съездің басты ерекшелігі – түрлі дін өкілдері арасындағы тұрақты диалог орталығына айналуы. Бұл елде діндер арасында ешқашан қақтығыс болмаған. Сондай-ақ экономикалық тұрғыдан дербес ел. Сондықтан түрлі сенімдегі адамдар осында жиналып, ашық әрі бейбіт түрде пікір алмасуға мүмкіндік алып отыр. Қазақстанның тәжірибесі бәріне керек.

Еркін қажы Дуанаев, «Қазақстан қажылар қауымдастығы» діни бірлестігінің төрағасы:

Президентіміз Тоқаев мырза өз сөзінде әлемде болып жатқан экологиялық қауіп-қасіреттің қалай алдын алу мәселесі, одан кейін жаңа технология мүмкіндіктерін қалай пайдалану мәселесі де айтылды. Осы ұсыныстар көптеген делегация мүшелерінен қолдау тауып, сол мәселелер бүгінгі пленарлық отырыстарда талқыланып жатыр.


Бөлісу