Басты Жаңалықтар Азаматтық кодексті жаңарту – уақыт талабы

Азаматтық кодексті жаңарту – уақыт талабы

Президенттің жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасы – құқықтық жүйені жаңғыртудың маңызды кезеңі болмақ. Заңгер Маржангүл Әкімжанова осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, қолданыстағы кодекс нарықтық экономиканың қалыптасуына негіз болғанымен, цифрлық дәуір жаңа құқықтық шешімдерді қажет етеді. Әсіресе, жасанды интеллект, цифрлық активтер мен электрондық келісімдерді реттеу өзекті. «Қазір ғалымдар азаматтық заңнаманың болашағына қатысты түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтып жатыр. Бір тарап – қолданыстағы құқықтық жүйенің сабақтастығын сақтап, оны одан әрі жетілдіру қажет деп есептейді. Екінші тарап – технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді ескере отырып, түбегейлі қайта қарау қажеттігін алға тартады. Меніңше, екі ұстанымды да жан-жақты әрі мұқият қарастыруға болады. Расымен жаңа кодекс әзірлеу жұмыстары тек цифрландыру мәселесімен шектелмейді. Корпоративтік құқықты дамыту, заңнамадағы қайшылықтарды жою және бірыңғай сот практикасын қалыптастыру да өзекті. Өйткені жаңа Азаматтық кодекс – тек экономикалық қатынастарды реттеуге арналған заңнамалық акт емес. Ол жиырма, тіпті отыз жылдан кейін де өзектілігін сақтауы тиіс», - деп жазды ол өзінің фейзбук парақшасында.

Бөлісу