Лондондық жанкүйерлер дара Димаштың талантына бас иді
Димаштың Лондондағы жеке концертін әлемнің 47 елінен келген көрермен тамашалады. Қазақтың дарынды ұлының өнеріне бас иген жанкүйерлер кешелі бері әлеуметтік желіні Димаштың бейнетаспасымен толтырып жатыр. Мереке О2 деп аталатын концерт залында өтті. Орындалған әндердің 60 пайызы қазақша. Димашпен жүрегі бір шетелдік жанкүйерлер қазақ әнін де бірге орындады. Тыңдармандар концерт біткеннен кейін де залда ұзақ уақыт тұрып, Димашқа ерекше құрмет көрсеткен.
Димаш концертті «Қазақстан, алға» әнімен ашып залды жандырып жіберді. Домбырада «Адай» күйін орындап, залды дүр сілкіндірді. Бұдан соң ол әлемге танымал әндерді де айтып, көрерменді одан сайын қуантты. Ал, қазақ тілінде шырқалған лирикалық әндерді Димаштың шетелдік жанкүйерлері онымен қосылып айтты.
Димаш Құдайберген, әнші:
- Мынадай қызып тұрған, жанып тұрған көрерменнің алдында өзімнің арманымдағы істерімді атқардым. Қазақтың халық әндерін, көрермендердің сүйіп қалған әндерін орындадым. Ерекше қуаныштымын.
Димаш досы Денис Тенге арнаған әнін орындау кезінде көз жасын тыя алмады. Себебі, досының көзі тірісінде екеуі осы әнді бір сахнада орындаймыз деп уәделескен еді.
Димаш концертіне танымал ағылшын музыканттары да келген. Әнші Таллия Сторм қазақ жігітімен бірге ән айтуға да дәмелі.
Таллия Сторм, британдық әнші:
- Ол ерекше жан. Оның жанкүйерлері де арнайы құрметке лайық. Бүгін Димашпен кездестім. Келесі жолы мүмкін бірге ән айтатын шығармыз.
Димаш түрлі ұсыныстан кенде емес. Алайда, Тұманды Альбионда өнер көрсеткен қазақ жігітіне «құда түсушілер» көбейіпті.
Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:
- Канадалықтар жобаға шақырып жатыр. Ресей концерт ұйымдастырсақ деп ұсыныс тастап жатыр. Оңтүстік Азия елдерінен ұсыныс түсті. Бірақ, асықпай дайындалып алып, әр елдің мәдениетіне лайықталып бағдарлама жасап, жүзеге асатын болады.
Әдетте талғамы биік ағылшындарды таңқалдыру оңай шаруа емес. Бірақ, бұл Димаштың қолынан келді. Жасы 24-те болса да, қазақ жігітін әлем жұрты қазақтың саф өнерінің саңлағы деп қабылдап үлгерді.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы