Басты Жаңалықтар 2 палуанымыз Хорватияда медаль еншіледі

2 палуанымыз Хорватияда медаль еншіледі

Ливерпуль шаршы алаңындағы теңдессіз табысты Загреб бозкілемінде өнер көрсетіп жатқан палуандарымыз жалғады. Еркін күрес шеберлері шымылдығын түрген әлем біріншілігінің алғашқы 4 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынып, қоржынға қос қола түсті. Үздік үштіктен көрінген спортшыларымыз кімдер? Бұл сұраққа Хорватияға арнайы барған әріптесім Азат Қадырбек жауап береді. 

Азат Қадырбек, тілші:

Құрама қоржынына алғашқы жүлдені Асылжан Есенгелді салды. Осыдан екі жыл бұрын 23 жасқа дейінді палуандар арасындағы Әлем біріншілігінде атой салып, күміспен күптелген жерлесіміз бұл жолы ересектер арасындағы айқаста табысты өнер көрсетті. Ширек финалда Олимпиада чемпионы Заур Угуевқа есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде мінез көрсетіп, армениялық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. 60 келіде бақ сынайтын Асылжан Есенгелді қола жүлде жолындағы тартыста америкалық Джаксен Патрик Форрестпен өзара мықтыны анықтады. Соңғы сәтке дейін ұпай басымдығы таразыда теңселді. Десе де, шеберлігі басым болған жерлесіміз қола жүлде еншілеп, көз жасын жасырмады.


Нұрқожа Қайпановтың қоржынында Әлем біріншіліктерінің күміс пен алтын жүлделері бар. Бұл жолы тәжірибелі балуанымыз жартылай финалға дейін қарсылас шыдатпады. Өкінішке қарай, Моңғолия өкілінен айласын асыра алған жоқ. Бірақ қола жүлде жолындағы бәсекеде Молдова өкілін тас-талқан етіп белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады.


Бүгін бұрымды балуандар бәсекелерін бастайды. Ал еркін күрес шеберлері қалған қалған екі салмақта белдеседі. Әлем біріншілігін «Qazsport»  арнасынан тікелей эфирде көріңіздер.


Бөлісу