Басты Жаңалықтар Алматыда алғашқы заманауи өнер мұражайы ашылды

Алматыда алғашқы заманауи өнер мұражайы ашылды

Шабыт пен ұлттық болмыс тоғысқан рухани кеңістік. Алматыда Орталық Азия аумағындағы алғашқы заманауи өнер мұражайы ашылды. Almaty Museum of Arts деп аталатын нысанда, 30 жыл бойы жиналған төл мәдениетіміздің інжу-маржандары орын алған.

Алматының қақ төрінде орналасқан бірегей нысанның жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Заманауи өнер галереясының жобасын әйгілі британдық Chapman Taylor сәулет бюросы әзірлеген. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, жаңа музей – саф өнер мен заманауи технологияны, мультимедиялық шешімдер мен креативті индустрия құралдарын үйлестірген рухани мекен.

Аида Балаева,  Мәдениет және ақпарат министрі:

Президент Қазақстан Халқына Жолдауында атап өткендей, жас ұрпақ үшін отансүйгіштіктің басты кілті – жасампаздық пен жаңашылдықта. Бұл музей тек өнерді тамашалау алаңы емес, шығармашылық ойдың, жаңа идеялар мен халықаралық диалогтың орталығына айналатынына сенемін.

 Мұражайдың бірінші қабатында кең көрме алаңдары, оның ішінде «Ұлы Дала» және «Сарыарқа» залдары орналасқан. Оған қоса, мұнда музей қорын сақтайтын қойма, қалпына келтіру зертханасы және шығармашылыққа толы «Шеберхана» креативті кеңістігі бар.

Адиса Кин, almaty museum of arts коммуникация маманы:

Бізде білім беру бағдарламалары да бар, яғни, дәрістер болады өнер туралы, өнерді қалай қалпына келтіру керек, өнерді қалай бөлісу керек, өнермен қалай ақша табуға болады? Бізде кинокөрсетілімдер болады. 

Нысанның құрылысына қажетті 120 миллион АҚШ долларын белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов жеке қаржысы есебінен бөлген. Музей қорына отандық және шетелдік қылқалам шеберлерінің 700-ге жуық өнер жауһары енген. Оның 70 пайыздан астамы ХХ ғасырдағы отандық суретшілердің еңбектері. Сондай-ақ топтамадан әлемге танымал тұлғалардың да туындыларын тамашалауға болады. 

Нұрлан Смағұлов, кәсіпкер:

Алматы – таңғажайып, тарихи-мәдени қала. Осындай мұражай қажет-ақ еді. Бұрын заманауи өнер туындыларын көру үшін көпшілігі шетелге баратын. Ал енді мұндай кеңістік өзімізде бар, бұл ару шаһарымызға келетін туристер санын еселей түседі деп ойлаймын. 

Музей12 қыркүйектен бастап жұмысын бастайды. Заманауи эстетика мен ұлттық ерекшелікті тоғыстырған бұл музей өнер мен ерекше сәулеттік шешімдерді шебер тоғыстырған мәдени орталыққа айналмақ.

Бөлісу