Жаз басталғалы Алматы тауларында адасып қалған 106 адам құтқарылды. Оның ішінде 25-і – жасөспірім. Мамандар табиғат аясына демалуға шыққандар көбіне сақтық шараларын елемейді деп дабыл қағып отыр. Тауға барарда қалай дайындалу керек? Нені ескеру маңызды?
Бірер күн бұрын Алматыдағы «Үш ағайынды» шыңын бағындырмақ болған үш жасөспірімнің бірі 15 метрлік жардан құлады. Жараланған бозбаланың жағдайы тым ауыр болған соң, құтқарушылар тікұшақпен төменге алып түсуге мәжбүр болыпты.
Ринат Жанғожаев, қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы:
Ол жерде 6-7 сағат жұмыс істедік. Бала қимылсыз. Қолы мен аяғы сынған. Ол жерде ешқандай жол жоқ, балалар қызығып шығып кеткен.
Иә, қысы-жазы Алматының тауына ағылатындар көп. Көбісі ешқандай дайындықсыз көтеріледі дейді 18 жылдан бері тауға шығуды әдетке айналдырған Мэйрим Атагелдиева.
Мэйрим Атагелдиева, қала тұрғыны:
Тауға шықпас бұрын міндетті түрде арнайы жоспар құрып, бағыт-бағдарыңды айқындап алған жөн. Содан соң таудағы ауа райын алдын ала біліп алыңыз. Әйтпесе, басыңызды қатерге тігуіңіз мүмкін.
Осы ретте құтқарушылар соңғы уақытта таудағы қауіпсіздікті ескермей, оқыс жағдайға тап болғандар көбейді, деп отыр. Мамандар әр сапар мұқият дайындықтан басталып, тіпті, қан қысымына дейін тексертіп алған маңызды, деп ескертеді.
Мұрат Әшіров, қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы:
Ең алдымен бізде «бипер» деп аталатын сигнал құрылғысы болады. Ол құтқарушылардың беліне тағылады. Тасты аймақтарда қолданылатын сақтандыру құрылғылары әрдайым өзімізбен бірге жүреді. Егер зардап шеккен адам қозғала алмаса немесе қол-аяғы жарақаттанса, оны арнайы зембілге орап, қауіпсіз түрде төмен түсіруді қамтамасыз етеміз.
Айдана Қуантхан, тілші:
Біз жол талғамайтын көлікпен шамамен 500-600 метр биікке көтерілдік. Ал мамандар көлікті дәл осы жерде қалдырып, іздестіру жұмыстарын жаяу жалғастыратын болады.
Құтқарушылардың құрал-сайманы әркез сақадай сай. Өйткені, адам өмірін сақтап қалу үшін әр минут маңызды.
Айдана Қуантхан
