Басты Жаңалықтар Елдің оңтүстігінде 11 мыңға жуық вагон кептелісте тұр

Елдің оңтүстігінде 11 мыңға жуық вагон кептелісте тұр

Елдің оңтүстігінде теміржолда ірі кептеліс пайда болды. Өзбекстанға қарай жүк тиелген 11 мыңға жуық вагон қозғалыссыз тұр. Олардың басым бөлігі астық тасымалдайды. Кейбір пойыздар бес-алты тәулікке дейін кідіріп қалған. Қозғалыс кестесінің бұзылуына не себеп?
Шеңгелді станциясы мен Жылға, Дарбаза бекеттерінде қозғалыс қиындады. Өзбекстанға бағыт алған 11 мыңнан астам вагон кептелісте тұр.
Ғабит Сүйінов, Дарбаза станциясының бастығы:

Біздің Дарбаза стансасында тұруы мүмкін емес, өтіп кетуі керек негізі. Сарыағаш стансасы қабылдамауына байланысты бізге жіберіп тұрады, пойыздардың бәрін. Күзет жалдайды, өзіміз күзет жасаймыз, вагондарға қараймыз, оның ішінде транзиттік жүк бар. Мұның мерзімі өтіп кетуі мүмкін, сол себепті оның айыппұлы бар, оның бәрі бізге жүктеме.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, Сарыағашқа бет алған пойыздарды Өзбекстан жағы уақытылы қабылдамай, қозғалыс баяулаған.
Нұрдәулет Байғазиев, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» Шымкент бөлімшесінің директоры:
Өзбекстан теміржолына қазіргі таңда көмек көрсетіп жатырмыз. Бізден алған пойыздарды тез өңдеп, тез түсіріп-шығару үшін пойыздарды дұрыстап беріп жатырмыз.
Кептелісті болдырмау үшін Сарыағаш станциясында мамандар вагондарды тәулік бойы тоқтаусыз қабылдап жатыр. Дегенмен сарапшылар бұл мәселені шешу үшін кешенді шараларды қолға алу керек дейді.
Дарбаза-Мақтарал бағытындағы теміржол құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатыр. Маршрут бойында 5 станция ашылады, жоба жолда тұрып қалған вагондар мәселесін толық шешіп, Сарыағаш станциясының жүктемесін 40 пайызға жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бөлісу