Шағымдардың басым бөлігін әкімшілік сот қарауы мүмкін
Азаматтар әділдік іздеп әбігер болмайды. Бұдан былай мемлекеттік органдар тұрғындардың өтінішін дұрыс қарамаса, сот алдында ақталуы тиіс. Бүгін Сенат азаматтар мен мекемелердің арасында даулы мәселелерге қатысты заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Енді салғырттық танытқан құзырлы мекемелердің үстінен арыз жазу үшін қайда жүгіну керек? Құжат тапсыру тәртібі қандай? Жанел Нұрболатқызы тарқатады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Енді азаматтар мен мемлекеттік органдардың арасындағы даулы істерді әкімшілік сот қарайды. Демек, әділетсіз шешім шығарған мекемелерге шағым түсіру жеңілдейді. Мысал келтірейін, мемлекеттен өтемақы алу үшін өтінім бердіңіз делік, бірақ мекеме оны қабылдамай кері қайтарса, азаматтық сотқа жүгіну керек болатын. Яғни, құжаттардың бәрін өзіңіз жинап, өтемақы алуға құқылы екеніңізді дәлелдеп, біраз уақыт жоғалтасыз. Ал жаңа заң күшіне енсе, сіз тек шағым жазасыз. Қалғанын енді мемлекеттік мекеменің өзі әкімшілік сот арқылы реттеуі керек.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Жауапты құзырлы орган болады. Ол қаулының дұрыстығын, заңдылығын дәлелдеуі керек болады. Бұрын соттарда істердің 90 пайызы құзыреттің органдардың пайдасына шешілсе, қазір 60 пайызы азаматтардың пайдасына шешіліп жатыр.
Құжатта заң шығару процесіне қатысты нормалар да бар. Енді заң қолданысқа енбей тұрып, ғылыми және лингвистикалық экспертизадан өтеді. Жемқорлыққа қарсы сараптама да жасалады. Бұл қалай? Мысалы, кей ірі компаниялар шағын және орта бизнестің жолын жабу үшін жасырын түрде лобби жүргізуі мүмкін. Қоғамдық ұйымдар арқылы заңды өзіне ыңғайлы етуге күш салады. Жемқорлыққа қарсы экспертизаның көмегімен осының бәрі тексеріледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Заңда норма шығару қызметінде ғылыми сүйемелдеуді және азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге арналған түзетулер де бар. Жалпы, заң әкімшілік әділет саласын кеңейтуге және әкімшілік рәсімдерге деген қоғамның сенімін одан әрі арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенемін.
Нотариаттық қызметпен айналысамын деген азаматтарды аттестациялауға қатысты және осы қызмет түрімен айналысуға лицензия беру мәселесіне қатысты өзгерістер енгізілді. Яғни, автоматтандырылған жүйеде тест тапсыру арқылы қол жеткізуге мүмкіндік болып тұр.
Заңда турагенттіктерге қатысты нормалар да қарастырылған. Бұрын саяхатқа шыққан бір-екі азаматтан шағым түссе, көп жағдайда агенттікті лицензиясыз қалдыру туралы шешім қабылданатын еді. Туроператорлардың көбі мұның әділетсіз екенін жеткізген. Енді әуелі тек ескерту беріледі, компания бірден жабылып қалмайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы