Басты Жаңалықтар Халықаралық инвестициялық форумға 20 елдің өкілдері қатысты

Халықаралық инвестициялық форумға 20 елдің өкілдері қатысты

Ақтөбеде халықаралық инвестициялық форум өтіп жатыр. Ауқымды шараға әлемнің 20 елінен өкілдер келді. Сондай-ақ жеті мемлекеттің елшісі қатысты. Биыл өңірге тартылған инвестиция көлемі 892 миллиард теңгеге жетті. Форум аясында тағы 17 меморандумға қол қойылды.
Форум аясында ұйымдастырылған көрмеге өңірдегі жетекші кәсіпорындар қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Келушілерді техникалық жетістіктерімен таныстырды. Шетелдік инвесторлармен тікелей пікір алмасып, келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алды. Мәселен, Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы өндірісті дамыту ісіне қытайлық компания қызығушылық білдірген.
Ержан Абдуллабеков, ферроқорытпа зауытының директоры:

Өндірісті басқару жағынан көмектесетін жаңадан шыққан жүйелерді көрсетіп жатырмыз. Ол жүйелерді БТС компаниясы, өзіміздің ішкі мамандарымыз жасап шығарған. Қазіргі уақытта әлемдік деңгейдегіден кем емес деп айтуға болады.
Биыл өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі былтырғымен салыстырғанда 129 пайызға артқан. Жалпы құны 10 миллиард теңгеден асатын сегіз жоба жүзеге асты. Оның бірі жаңартылған энергия көзін өндіретін нысан. Бұл салаға түркиялық компания да қаржы салуға дайын.
Эмрах Гюней, «Murel» компаниясының қаржылық директоры:
Бұл біздің компанияның Қазақстандағы алғашқы жобасы. Ақтөбеде 180 меговаттық газбен жұмыс істейтін электр стансасының құрылысын жүргіземіз. Құны 200 миллион доллар. Бұған дейін Түркияда және Өзбекстанда осындай үлкен жобаларды іске асырдық.
Қазір облыста 19 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Шетелдік компаниялар әсіресе, арнайы экономикалық аймақ пен агроөнеркәсіп кешендерінде бірлесе жұмыс істеуге дайын. Форумға 40-тан астам шетелдік компания өкілдері арнайы келген. Облыс әкімі Асхат Шахаров бүгінгі келісімдер мен бірлеске жобалардың табысты боларына сенім білдірді.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
Арнайы экономикалық аймақты бекіттік. Биыл сол арқылы барлық жеңілдік болады. Қызығушылық өте жоғары. 858 га халықаралық әуежайда орналасты. Соған байланысты 40-тан астам жобалар соған енеді.
Өңір басшысының айтуынша, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өндірістік компаниялар машина жасау, металлургия, медицина және цифрлық өндіріс салаларын жаңғырту тәсілдерін ұсынды. Форум қорытындысы бойынша жалпы құны 427 млрд теңге болатын келісімдерге қол қойылды. Осылайша жыл соңына дейін өңірге тартылған инвестиция көлемі бір трлн теңгеден асады.

Бөлісу