Басты Жаңалықтар Биыл СҚО-на 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

Биыл СҚО-на 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл туралы облыс әкімі айтты. Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, аймақта Қатар компаниясы плита өндіретін зауыттың құрылысын бастаса, ресейлік «Бейкертон» кондитерлік өнімдер өндірісін іске қоспақ. Осылайша 380 адам тұрақты жұмысқа орналаспақ. Алдағы уақытта тағы 17 жоба іске асады. Сондай-ақ өңірде су тасқынынан қорғайтын бөгеттер жаңартылып, алтауының жұмысы аяқталуға жақын. Бұрын-соңды асфальт болмаған 51 елді мекенге жол түсті. 2029 жылға дейін облыс орталығындағы барлық көшеге толығымен асфальт төсеу жоспарланған. Ал өңірдің ең басты жаңалығы – биыл рекордтық 6,5 млн тонна астық жиналды. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 878,3 млрд теңгеге жетті, деді өңір басшысы.
Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бізде қазақстандық астықтың төрттен бір бөлігі (24,8%), майлы дақылдар (23,6%) және сүттің оннан бір бөлігі (10,2%) өндіріледі. Өсімдік шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді: 4,3 млн гектар алқап жиналып, майлы дақылдар алқабы 1 млн гектарға дейін өсті. Бұл елдегі ең жақсы көрсеткіш. Ел үшін әсіресе Солтүстік Қазақстан облысы үшін 2024 жылғы су тасқыны үлкен сынақ болды. Барлық бөгеттердің биіктігі Балтық жүйесі бойынша 102,2 метрге дейін жеткізілді. Бұл 2024 жылғы су тасқыны деңгейінен 1,5 метрге жоғары.

Бөлісу