Еуропа елдері аптап ыстықтан зардап шегіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері аптап ыстықтан зардап шегіп жатыр

02.07.2025

Еуропада аптап ыстық. Аймақтың кейбір елдерінен құрбандар туралы алғашқы мәліметтер түсе бастады. Және де температураның күрт жоғарылауынан миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төніп тұр. 

Бүгінде Еуропа құрлығы ерекше ыстықтан зардап шегіп отыр. Соңғы мәліметке қарағанда, Испанияның Каталониясында лапылдаған жалыннан екі адам қаза тапты. Және де бірнеше ферма өртеніп, 14 мың тұрғынға үйлерінен шықпауға кеңес берілген. Тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Орман алқаптарын шарпыған отты сөндіруге ұйытқыған жел кедергі.

Клер Нуллис, әлемдік метеорологиялық ұйымның өкілі:

Қазір біз аса жоғары қысымның ықпалындамыз. Ол солтүстік Африкадан жеткен ыстық ауаны Еуропа аймағында ұстап тұр. Көріп отырғанымыздай, осы қысым жағдайымызға айтарлықтай әсер етіп отыр.

Аптап ыстықтан денсаулыққа қауіп төніп тұрғаны туралы ескертулер Испанияда ғана емес, Францияда, Италияда, Португалияда, Германияда, тіпті Голландияда да таратылды. Ал Британияда резервуарлар кеуіп жатыр. Есесіне суға түсушілер күрт көбейген.

Британиядан Францияға ойыссақ, мұнда ауаның температурасы 42 градусқа дейін көтеріліп, мыңнан астам мектеп пен әйгілі Эйфель мұнарасының жоғарғы қабаттары жабылды.

Лайя Понс, барселоналық турист:

Бізге жаңа ғана электрондық поштамен хат келді. Билеттеріміз жарамсыз болып қалды. Оларды үш жыл бұрын сатып алып едік. Енді ыстыққа байланысты жоғары көтеріле алмайтын болдық. Не істерімізді білмей тұрмыз.

Ал Түркияда орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Бұл елдің бес провинциясында 50 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Эвакуацияланғандардың 42 мыңы – Измир тұрғындары.

Айта кетсек, Түркияның жағалаудағы аймақтары соңғы жылдары өрттен көп зардап шекті. Ғалымдардың ойынша, бұған адамның қолымен жасалған климаттық өзгерістен жаздың бұрынғыдан ыстығырақ болуы мен қуаңшылық себепші.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу