Жетісу облысында көне қорымды тонап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында көне қорымды тонап кеткен

19.06.2025

Жетісу облысында мемлекет қорғауындағы тарихи және мәдени ескерткіштер мен обалардың мыңға жуығы бар. Басым бөлігі ежелгі Сақ дәуірінен қалған. Сақ тайпаларының Жетісу жерін мекендегенін ескерсек, обалардың саны мыңнан көп болуы тиіс. Олардың мемлекет қорғауына алынбай, зерттелмей тоналып жатқаны тарихшыларды алаңдатады. Мәселен, Жаркент өңіріндегі үлкен дөңді әлдекімдер қазып кеткен.

Дамир Нұрмұхамет, тілші:

Бұл – Жаркент қаласынан 100 шақырымда орналасқан Сарытаудағы оба. Сақ дәуіріне тиесілі қорғанды әлдекімдер қазып, керегін алып кеткен. Ал жерленген адамның сүйегі жер бетіне шығып, шашылып жатыр. Бұл жағдай тарихшыларды алаңдатып отыр.

Қазылған обаны осыдан бір ай уақыт бұрын жергілікті тұрғын Олег Тихомиров байқап қалған. Айтуынша, көне қорымды ерте көктемде қопарған сияқты. Жапанда адам жоғын ұрылар оңтайлы пайдаланған.

Олег Тихомиров, жергілікті тұрғын:

Ерте көктемде бұл аумақта ешкім жүрмейді. Шаруалар малын жайлауға енді шығарып жатыр. Сол ешкім жоқ уақытты пайдаланып, қазып кетуі мүмкін, бұдан бәріміз хабарсызбыз. Осындай іспен айналысқандарды жауапсыз қалдырмау керек.

Қорымның шығыс жағынан кіретін дәлізден ұрылардың ұқыппен үңгіп шыққаны байқалады. Өлкентанушы әрі тарихшы Қали Ибрайымжанов осы іспетті қорымдарды 10 жылдан аса уақыт зерттеп келеді. Оларды қорғауға алу туралы ұсынысты жауаптыларға айтқан. Алайда нақты нәтиже бола қоймапты. Енді бір обаны тонатып, мыңжылдық тарихтан қағылдық дейді тарихшы.

Қали Ибрайымжанов, өлкетанушы:

Өте келеңсіз жағдай. Біздің тарихымызға, ата-бабамыздың мұрасына деген қастандық. Сол заманнан қалған заттай деректер еді. Мұны адамдықдың ешқандай санатына жатқызуға болмайды.

Қазір Жетісу облыстық ескерткіштерді қорғау орталығы бұл мәселенің шешімін қарастырып жатыр. Құзырлы органдармен бірлесе жұмыс әзірленуде, дейді жауаптылар.

Ғалымжан Оспанов, Жетісу облыстық ескерткіштерді қорғау орталығының директоры:

Сақ дәуірінде бізде алтын да, басқа да жәдігерлер өте көп. Басқа дәуірлерге қарағанда осы сақ дәуірінде алтын мен жақсы қымбат жәдігерлер шыққандықтан, қара археологтар бізде дерт болып бара жатыр. Қазіргі таңда бұл ескерткіштердің бұзылуына байланысты құзырлы органдарға шағым түсіріп, жұмыс істейміз. 

Жетісу жерінде қазылған, тоналған обалар аз емес. Егер мемлекет қорғауына алынып, арнайы белгі орнатылмаса, ұрыға оңай олжа бола бермек, дейді тарихшылар.

Дамир Нұрмұхамет

Хабарламаларға жазылу